ҰҚК: «Отандық» деп көрсетілген жабдықтар шетелден әкелінген

OrdaMed компаниясының басшылығы ұсталды. Бұл туралы ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлап отыр.

ҰҚК-ге қарасты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі OrdaMed АҚ-ның заңсыз әрекеттерін әшкерелеген. Тергеу деректері бойынша, компания мемлекеттік емдеу мекемелеріне 28 медициналық жабдықты жеңілдетілген шарттармен жеткізген. Аталған өнімдер құжат жүзінде «отандық тауар» ретінде көрсетіліп, сол үшін мемлекеттен арнайы преференциялар алған.

Алайда іс жүзінде бұл медициналық жабдықтар шетелден дайын күйінде импортталғаны анықталды. Заңсыз схема салдарынан мемлекетке 4,5 миллиард теңге көлемінде залал келтірілген.

ҰҚК мәліметінше, жүргізілген тінту барысында OrdaMed АҚ басшылығынан құны 1 миллиард теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді. Сонымен қатар Interdentica, Erkin Brand және OrdaMed компанияларындағы қатысу үлестеріне тыйым салынды.

Сот санкциясымен OrdaMed АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.