ІІМ орынбасары Санжар Әділов Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың қаза болуына байланысты жергілікті полиция қызметкерлерінің жауапкершілігі қаралатынын айтты.
Оның айтуынша, марқұм шағымданғанына қарамастан, аудандық полиция дер кезінде шара қолданбаған. Бұл факт қазір тергеу барысында анықталып жатыр.
Жәбірленуші шағымданғанда уақытында әрекет жасалмаған. Некеге мәжбүрлеу фактісі бар. Бұл жерде ең алдымен Қаратау аудандық полиция басқармасында жұмыс істеген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қаралады, – деді Санжар Әділов сенаттағы брифиңде.
Министрдің орынбасары аудандық полиция қызметін қадағалаған өзге де жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін атап өтті. Сонымен қатар Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының іс-әрекеті де тексеріледі.
Бұған дейін президенттің тапсырмасымен Шымкент қалалық полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылған. Ал Қаратау аудандық полиция бөлімінің бірқатар қызметкерлері тергеуге алынды.
Еске салайық, Шымкент қаласында Толеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында аса қатыгез қылмыс жасалды. Пышақ жарақатынан 21 жастағы бойжеткен қаза болды.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бойжеткенді өлтірді деген күдікті ер адамды ұстады.
Қылмыстық істің тергелуін ішкі істер министрлігі өз бақылауына алды.
