Хромтау қаласында қоғамдық тамақтану орнында газ жарылысы болды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлап отыр.
Ведомство мәліметінше, 19 қаңтар күні сағат 17:45 шамасында Жұбанов көшесінде орналасқан жеке ғимараттағы қоғамдық тамақтану орнында ыстық сумен қамтамасыз ету үшін қолданылған газ құрылғысы жарылған.
Жарылыс салдарынан шамамен 80 шаршы метр аумақта ғимараттың құрылымы опырылып құлады. Қазіргі уақытта төтенше жағдайдың нақты себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оқиға кезінде бес адам зардап шеккен.
Хромтау аудандық ауруханасына әртүрлі дәрежедегі күйік алған бес науқас жеткізілді. Оның бірі жансақтау бөлімінде, төртеуі жарақат бөлімінде жатыр. Барлық науқасқа қажет медициналық көмек көрсетіліп жатыр, – делінген хабарламада.
