Әзірбайжан кәсіпкерлері Атыраудың экспорттық потенциялын зерттеп жатыр

Кездесуде қос тарап мұнайлы өңір мен Әзірбайжан елі арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуды талқылады.

«Біздің алдымызда, әлбетте, бірінші кезекте аймаққа инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық түсімдерін арттыру, қос тарап арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту мәселесі тұр. Сондықтан, сіздерді әріптестікті нығайта түсуге шақырамын», – деді Нұрлан Ноғаев.

«Біз аймақтың экономикалық потенциалын зерделеп, бірігіп жұмыс істеу үшін Атырауға ірі трансұлттық компаниялардың өкілдерін әкеліп жатырмыз. Бұл сапарымызда аймақтың экспорттық потенциалын зерттесек дейміз», – деді елші.

Айта кетелік, Статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, Атырауда Әзірбайжан капиталы бар 42 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде металл өңдеумен, дәрігерлік қызмет көрсетумен, дайын тамақ өнімдерін өндірумен айналысатын компаниялар бар. Қос тарап арасындағы тауар айналымы биыл алғашқы 4 айда 1,8 миллион АҚШ долларын құраған. Атырау облысы Әзірбайжанға негізінен тұщы суда мекендейтін балық, күкірті бар газойл мен мазут, газ құбырлары және басқа да өнімдерді сатады.

Облыста қазір жалпы аумағы 210 гектар Индустриалды аймақ құрылыр жатыр. Инвесторларға жағдай жасау үшін инфрақұрылымды мемлекет жүргізіп береді. Аймақта әлемдік стандарттарға сай өнеркәсіптік-өндірістік кешендер құру жоспарланған.

Инвесторлар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде «Атырау» Әлеуметтік Кәсіпкерлік Корпорациясы Ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп әр-түрлі салада инвестициялық жобаларын жүзеге асыра алады. Айта кететін нәрсе, бірігіп жұмыс істеу кезінде ұлттық компанияның үлесі 49 проценттен аспауы керек.

Облыста инвестициялық ахуалды жақсарту үшін «Atyrau Innovations» ЖШС құрылған. Мекеменің мақсаты бір терезе қағидатымен инвесторларға ақпараттық, сервистік қолдау көрсету.