Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Air Astana ұшағы шұғыл түрде Бейжіңге қонды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Бүгін, 8 қаңтар күні Сеул–Астана бағыты бойынша ұшқан Air Astana әуе компаниясының KC210 рейсі шұғыл түрде Бейжің қаласына қонуға мәжбүр болды.

Әуе компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұшақ техникалық ақауға, нақтырақ айтқанда ұшақ ішіндегі барлық дәретхананың істен шығуына байланысты бағытынан ауытқыған.

Рейс Сеул қаласынан жергілікті уақыт бойынша сағат 09:25-те ұшып шығып, Бейжің уақытымен 11:50-де қонған. Қазіргі уақытта әуе компаниясының техникалық мамандары ақауды жою жұмыстарын жүргізуге дайындалып жатыр.

Қосалқы бөлшектер жеткізілген соң, дәретханалар жөнделеді. Рейстің қайта ұшуы жергілікті уақыт бойынша сағат 01:00-ге жоспарланған, – делінген хабарламада.

Әуе компаниясы жолаушыларға көрсетілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, жағдай толық бақылауда екенін атап өтті.