«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы ел аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қазіргі жағдайы туралы ақпарат таратты.
Ұлттық компанияның мәліметінше, 2025 жылғы 8 қаңтар сағат 08:00-дегі жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» автожолының 15–105 шақырым аралығы (Белоусовка кенті – Риддер қаласы) барлық көлік түрі үшін қайта ашылды.
Сонымен қатар Ақмола облысында республикалық маңызы бар KAZ02 «Астана – Көкшетау (айналма жол) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу бекеті)» автожолының 18–232 шақырым аралығында қозғалыс жылдамдығы 90 км/сағ-тан 110 км/сағ-қа дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар бірқатар бағыттарда қозғалысқа шектеу сақталып отыр.
Шығыс Қазақстан облысында Осинов асуында тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы уақытша тоқтатылды. Аталған шектеу «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» автожолының 46–66 шақырым аралығында (Северное ауылы – Серебрянск қаласы) қыс мезгілі аяқталғанға дейін күшінде болады.
Бұдан бөлек, «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» автожолындағы жолайрық көпірінің шеткі арқалықтары зақымдануына байланысты «Қалқаман» жолайрығы учаскесі жабылды. Атап айтқанда, Қалқаман кентіне кіреберіс пен Астана бағытына шығатын жол уақытша пайдалануға берілмей отыр.
«ҚазАвтоЖол» жүргізушілерді жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын ескеруге және ресми ақпаратты қадағалап отыруға шақырады.
