Қазақстанда заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандарын анықтау мақсатында дрондар мен жасанды интеллект технологиялары енгізіледі.
Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова үкіметтегі баспасөз мәслихатында айтты.
Оның айтуынша, мемлекет нақты салынып жатқан нысандарды бекітілген бас жоспарлармен салыстыра отырып бақылау үшін арнайы цифрлық экожүйе қалыптастырып жатыр. Жүйе дрондардан алынған деректер мен жасанды интеллект алгоритмдері арқылы жұмыс істейді.
Негізгі құрал ретінде мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі пайдаланылады. Бұл жүйе заң бұзушылықтарды нақты уақыт режимінде анықтап, мәліметтерді мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына автоматты түрде жолдауға мүмкіндік береді.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, биылғы жылдың соңына дейін сәулеттік-жобалау тапсырмаларын беруден бастап техникалық шарттарды рәсімдеуге дейінгі барлық негізгі қызметтер толық цифрландырылады. Ал 2026 жылдың басында цифрлық бас жоспарлардың орындалуын автоматты түрде бақылауға арналған ЖИ Co-pilot жүйесін пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 2026 жылы Smart Turmys бірыңғай коммуналдық қызмет платформасы енгізіледі. Бұл платформа су, жылу, электр энергиясы, газбен жабдықтау және тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтерін «бір терезе» қағидаты бойынша біріктіреді.
