«Біріншіден, Елбасының биылғы Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, 2017-2018 жылдары бюджеттен төленетін зейнетақы мөлшері үш кезеңде арттырылады. Бірінші кезеңде, яғни 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 9 пайызға, базалық зейнетақы 7 пайызға артты. Ал екінші кезеңде биылғы шілдеден бастап ынтымақты зейнетақы көлемі қосымша 11 пайызға, базалық зейнетақы 13 пайызға көбейтілгелі отыр. Нәтижесінде, 2017 жылдың 1 шілдесінен зейнетақы мөлшерлерін 2016 жылғы деңгеймен салыстырғанда 20 пайызға арттыру қамтамасыз етіледі. Осы орайда ең төменгі зейнетақы 45 711 теңгеге дейін, орташа зейнетақы 66 676 теңгеге дейін арттырылады», — деді министр Тамара Дүйсенова.
Министрдің айтуынша, бұл ретте екі миллионнан астам зейнеткер қамтылады. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап жасына байланысты зейнетақы тағайындау үшін есепке алынатын табыстың ең жоғары мөлшері 41-ден 46 айлық есептік көрсеткішке дейін артыру көзделген. Бұл ағымдағы жылдың бірінші жартысында тағайындалған зейнетақылардың 11 пайызға артуы есебімен, осы жылдың екінші жартысында тағайындалатын зейнетақы мөлшерлерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету үшін қарастырылып отыр.
«Зейнетақыны арттырудың үшінші кезеңі 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жүргізілетін болады. Бұл базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты. Бүгінгі таңда базалық зейнетақы зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға бірдей мөлшерде бекітіледі. Жаңа әдістемеге сәйкес, бұл зейнетақы жүйесіне қатысу еңбек өтіліне байланысты болғалы отыр. Осы ретте 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне аударылатын жинақтар мерзімі ескеріледі»,-деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.
Мәжілістің жалпы отырысындағы талқылаулардан кейін палата депутаттары заң жобасын мақұлдады.