Хоңкоңдағы ірі өрттен 94 адам қаза болды: жүздеген тұрғын із-түзсіз жоғалған

Хоңкоңның солтүстігіндегі Wang Fuk Court тұрғын үй кешенінде шыққан алапат өрт салдарынан кемінде 94 адам қаза болды, тағы жүздеген адам хабар-ошарсыз кеткен.

Бұл туралы жергілікті билік хабарлап отыр.

BBC мәліметінше, қаза болғандардың арасында бір өрт сөндіруші бар. 76 тұрғын жарақат алған, ал құтқару және іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Полиция өртке қатысты абайсызда кісі өлтіру бабы бойынша үш адамды ұстаған. Тергеу жүріп жатыр.

Қызыл жалын сегіз блоктан тұратын кешеннің жетеуін шарпыған. Оны сөндіруге 700-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылған. Өрттің нақты себебі белгісіз, алайда алдын ала деректер бойынша, кешенде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары кезінде тұтанған болуы мүмкін.

Хоңкоң әкімшілігінің басшысы Жон Ли бастапқыда 279 адамның жоғалғанын хабарлаған. Кейін олардың бір бөлігімен байланыс орнатылғаны белгілі болды. 900-ден астам тұрғын уақытша эвакуация пункттеріне орналастырылды.

Айта кетейік, 1983 жылы салынған Wang Fuk Court кешенінде барлығы 1984 пәтер бар.

Еске салайық, 26 қараша күні Хоңкоңдағы 4 мыңға жуық адам тұратын тұрғын кешенінде бірнеше биік ғимарат өртенді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады.