Хоңкоңдағы өрт: Тоқаев ҚХР төрағасына көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Хоңкоң қаласында болған алапат өрт салдарынан көптеген адамның қаза болуына байланысты Си Цзиньпинге және барша Қытай халқына көңіл айтты, — делінген хабарламада.

Президент зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Айта кетейік, 26 қараша күні Хоңкоңдағы 4 мыңға жуық адам тұратын тұрғын кешенінде бірнеше биік ғимарат өртенді.

Кейінгі мәлімет бойынша, 44 адам қаза болып, 279 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында, ал ауруханаға түскен ондаған адамның 45-і ауыр жағдайда жатыр.