Алматыда лудоманияны қандай мекемелерде емдеуге болады?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде әйелдердің 5,5%-ы мен ерлердің 11,9%-ы құмар ойындардың зардабын көреді. Ал жыл сайын 350 миллион адам лудоманияға ұшырайды.
Лудомания – ақшаны оңай табу үшін құмар ойынға тәуелді болатын психикалық ауру. Бұған түрлі сайысқа бәс тігу, казино, ойын автоматтары, интернеттегі ойындар, лотореялар және тағы басқасы жатады. Құмар ойынның құрығына психикасы әлсіз, өмірінде келеңсіз ситуация болып жатқан жандар мен бұрыннан жеңімпаз болуға үйреніп қалған спортшылар жиі ілігіп қалады. Сонымен қатар лудоман болуға құмар ойындардың көз қызықтырар жарнамалары да әсер етеді.

Лудомания кезеңдері

Ойынқұмар адам әуелде ойынды аз ақшамен бастап, «жеңістің» дәмін жай-жай татып келе жатып, кейін қалай тәуелді болғанын білмей қалады.

1984 жылы психотерапевт Р. Кастер лудоманияның дамуын үш кезеңге бөліп қарастырған:

Жеңімпаз кезеңі

Ойыншы ойын ойнағанда жиі жеңіске жетіп жүреді. Процестен ләззат алып, нәтижесін қиялдай береді. Ойнауы жиілей түседі. Бәс тігетін сомасы да ұлғаяды. Көп пайда табамын деп дәмеленіп, ісінің дұрыс екеніне өзі сеніп жүреді.

Жеңіліс кезеңі

Жалғыз өзі ойыннан шықпайды. Ұтатынын айта береді әрі бәс тігу жайлы қайта-қайта ойлай береді. Жеңіле бастайды. Алайда өзін тоқтата алмайды. Жақындарын алдауға көшеді. Отбасы мен жұмысына қызығушылығы азаяды. Мінезі өзгереді: жиі ашуланып, шаршайды, тіпті тұйықтала бастайды. Қарыздан қарызға кіреді. Қанша тырысса да, ойнағанын қоя алмайды.

Күйзеліс кезеңі

Мәнсабына, жеке басына нұқсан келеді. Құмар ойынға арнайтын уақыты ұлғая түседі. Бұрынғыдан да жиі бәс тігеді. Отбасынан, достарынан ажырайды. Ажырасуға дейін де баруы мүмкін. Қатты ұялып, өзін кінәлай береді. Айналасын жек көреді. Ішкі жан-дүниесі алай-дүлей болады. Құқық бұзады. Өзіне қол жұмсағысы келіп, соңы қайғылы жағдаймен аяқталуы да мүмкін. Банк карталары бұғатталады. Ішімдікке салынып, өзін жоғалта бастайды.

Алматыда лудоманиядан қай мекемелер емдейді?

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, елде 350 мың адам жүйелі түрде құмар ойын ойнайды. Алайда 36 мың адам ғана — лудоман. Құмар ойынға кіріп кеткендерді қайта қалыпты өмірге әкелу оңай емес. Ол үшін жақындары дәрігер жағалап, арнайы емге жүгінеді. Осы ретте Алматы қаласындағы лудомандарды емдейтін бірнеше мекеменің тізімін ұсынамыз:

  1. Renewall Rehab: Бұқар жырау көшесі, 2 Б. Бұл мекемеде ойынқұмарларды емдеу құны күніне 13 500 теңге деп көрсетілген.

Орталықта ойынқұмарларды кешенді емдейді. Алғашқы кезеңде ағзаны артық заттан арылтады. Екінші кезеңде ем басталады: науқас психикалық және дене тұрғысынан қалыпқа келе бастайды. Үшінші кезеңде емнен кейінгі бағдарлама жүзеге асады: кездесулер ұйымдастырып, дертке ем қаншалық дұрыс қонғанын бақылайды. Төртінші кезеңде науқастың толық сауығып кетуіне жағдай жасайды: психологиялық көмек беріп, күйзеліс кезінде қолдайды. Бесінші кезеңде науқас отбасына оңай оралуы үшін орталық оның жақындарына да психологиялық тұрғыда көмектеседі.

  1. «Орион» мекемесінде құмар ойынға тәуелділерді емдеу үшін психолог қабылдауы 15 000 теңгеден басталады.

Бұл орталықта емделу бірнеше бағдарламадан тұрады. «12 қадам» бағдарламасында ойынқұмар тәуелдік екенін анықтап, бұдан арылып, өзін қадағалауды үйренеді. «Арт-терапияда» лудомандарды дертінен шығармашылық көмегімен айықтырады. Жеке және топтық тренинңдерде ем алып жатқан науқастарды қоғамға баулиды.

  1. Adal Rehab орталығының сайтында лудомания бойынша кеңесу 20 000 теңге екені жазылған. Орталықта емдеу құны 450 000 теңге болса, емнен кейінгі бағдарламаны 300 000 теңгеге ұсынады.

Қажет болса, ағзаны тазалап, детокс жасайды. Психотерапия жүргізіп, емді бастайды. Қоғамға қайта қосу үшін мотивация береді. Науқастың жақындарын да қолдайды. Ем біткеннен кейінгі бағдарламаны жүргізеді.

  1. «Возрождение Life» орталығында психолог-аддиктолог консультациясы 30 000 теңге тұрады. Ал емдеу курсының бағасы – айына 600 000 теңге.

Орталық сайтында кешенді емдеу үш кезеңнен тұратыны жазылған. Бірінші кезеңде ағзаны толық тазалайды. Екінші кезеңде топтық және жеке ем жүреді. Үшінші кезеңде науқасты психолог көмегімен қоғамға қайта қосуға тырысады: тапсырма беріп, жауапкершілік жүктейді, жақындарымен ара қатынасын реттейді және тағы басқа.

  1. Василий Шуровтың психикалық емханасы сайтында ойынқұмарлықтан арылу үшін жаңа әдістерді қолданатынын жазған. Емдеу құны 20 000 теңгеден басталады.

Алғашқы кеңестен кейін науқастың психикалық деңгейін анықтау үшін бірнеше әдіс қолданады. Олар: «Сәлливан» сауалнамасы, CAGI (канадалық жасөспірімдер сауалнамасы), Жалған бәс тігу шкаласы, Викториялық сауалнама және тағы басқалары. Бұл әдістер лудоманиядан зардап шеккен адамның қай деңгейде екенін көрсетеді. Дәрігер әрі қарай соған байланысты ем-шара белгілейді.

Емханада құмар ойнайтын науқасты ауруынан жазу үшін бірнеше терапия қарастырылған. Мәселен психокоррекция терапиясында жеке не топқа психотерапия өтеді. Медикаментозды терапияда науқастың ұйқысын, тамақ ішу режимін және психикалық күйін реттеу үшін дәрі-дәрмек береді. Одан кейін қоғамға қайта қосу жұмысы жүреді. Соңғы кезеңде дәрігер емделушінің жай-күйін толық бақылап, қажет болса, тағы емдейді.

Алматыда лудомандарды емдейтін бұдан бөлек көптеген орталық бар. Құмар ойынға тәуелділерді емдеу уақыт, ақша және қажырлықты талап етеді.