Сот кәсіпкерден 50 гектар жер учаскесін мәжбүрлеп алды

Жамбыл облысында сот шешімімен мақсатына сай пайдаланылмаған 50 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында жеке кәсіпкерге тиесілі жерді мәжбүрлеп алу туралы азаматтық іс қаралған.

Сот дерегінше, Талас ауданы әкімдігінің 2017 жылғы қаулысына сәйкес кәсіпкерге шаруа қожалығын жүргізу үшін 50 гектар жайылымдық жер берілген. Алайда 2024 жылдың сәуіріндегі тексеріс барысында жердің мақсатқа сай пайдаланылмағаны анықталған.

Тексеру нәтижесінде кәсіпкерге бір жыл ішінде заң талаптарын орындау туралы нұсқама берілген. Дегенмен көрсетілген мерзім аяқталса да, заң бұзушылықтар жойылмаған. Осыған байланысты жер ресурстарын басқару департаменті сотқа жүгінген.

Сотта жауапкер қаржылық мүмкіндігі болмағанын және жерді 2026 жылдың көктемінде игеруге ниетті екенін айтқан. Алайда сот нұсқамада белгіленген мерзімнің өтіп кеткенін және талаптардың орындалмағанын негізге ала отырып, департамент талабын қанағаттандырды. Сонымен бірге жауапкерден мемлекеттік баж өндірілді.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.