Президент «Жасанды интеллект туралы» заңды қабылдады

Заң арқылы жасанды интеллект жүйелері қызметінің негізгі қағидаттары енгізілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жаңа заң жасанды интеллект (ЖИ) жүйелерінің қызметін реттейтін негізгі қағидаттарды бекітті. Құжатта жасанды интеллект ақпараттандыру нысаны ретінде танылып, оның адам міндеттерін орындауға арналған құрал ретіндегі рөлі айқындалды.

Заңға сәйкес, ЖИ жүйелерінің меншік иелері мен пайдаланушылары оның жұмыс істеуіне байланысты тәуекелдерді басқару, қауіпсіздік пен сенімділікті қамтамасыз ету, техникалық қолдау көрсету міндеттерін атқарады. Жауапкершілік қолданушының рөлі мен араласу деңгейіне қарай белгіленеді.

Құжатта ЖИ-ді қолданудағы негізгі қағидаттар белгіленген: заңдылық, әділеттілік, теңдік, ашықтық, түсініктілік, адам игілігіне басымдық беру, деректерді қорғау, құпиялылық, қауіпсіздік және қорғаныс.

Сонымен қатар Қазақстан аумағында белгілі бір мүмкіндіктерге ие жасанды интеллект жүйелерін құруға және пайдалануға тыйым салынады. Бұған түпсаналық, манипуляциялық немесе заңсыз жолмен жеке деректерді жинайтын және өңдейтін жүйелер жатады.

ЖИ қолданылған тауарлар, қызметтер және жұмыстар міндетті түрде арнайы таңбалануға тиіс.

Ұлттық жасанды интеллект платформасын құруға құқықтық негіз жасалды. Бұл платформа шектеулі мерзімде ЖИ моделдерін әзірлеу, оқыту және тестілеп көру үшін пайдаланылады.

Заң мәтіні ресми баспасөзде жарияланатын болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да