Қостанайда кәріз құбыры жарылып, саяжай аумағын су басты

Қостанай облысында кәріз жүйесінің тозуынан ірі апат болды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлап отыр.

11 қараша күні сағат 22:30 шамасында Қостанай қаласындағы «Энергетик» саяжайында канализациялық құбыр жарылып, бірнеше саяжай аумағын су басты.

ТЖД мәліметінше, апат Каирбеков көшесінде орналасқан диаметрі 1000 миллиметр болатын болат кәріз коллекторының тозуы салдарынан болған.

Апат салдарынан 10 саяжай аумағын су басты. Абырой болғанда, су тұрғын үйлерге кірмеді, — делінген хабарламада.

«Энергетик» саяжайында барлығы 286 саяжай учаскесі бар, оның 96-сында 250 адам тұрақты тұрады.

Төтенше жағдайлар қызметіне үш хабарлама түскен. Оқиға орнына дереу құтқарушылар мен коммуналдық қызмет мамандары жіберілді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан бес адам және екі техника, ал «Қостанай-Су» МКК тарапынан 14 қызметкер мен алты техника жұмылдырылды.

Қазір су деңгейін төмендету және құбырды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.