Оралда төтенше жағдайлар қызметіне жаңа техникалардың кілттері табысталды

Бүгін Оралда Батыс Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментіне қызметтік жаңа техникалардың кілттерін табыстау рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.

Рәсім барысында министр мен облыс әкімі құтқарушыларға жаңа арнайы автокөліктердің кілттерін салтанатты түрде табыстады. Бұл – өңірдің төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы маңызды қадам.

Жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден астам қаржыға 30 бірлік жаңа техника сатып алынды. Оның ішінде: 19 өрт сөндіру автоцистернасы, 8 жүріс қабілеті жоғары жедел-жеңіл автокөлік, бір құтқару қайығы және республикалық бюджет есебінен алынған екі сорғы-жеңді автомобиль бар.

97d5aec652918ec9a8cfe3b1f07085fc Оралда төтенше жағдайлар қызметіне жаңа техникалардың кілттері табысталды
Фото: БҚО әкімдігі

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев бұл шараның өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез келген сынаққа дайын болу — төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап» деген болатын. Президентіміз азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мен қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің облыста да жүйелі түрде жүзеге асып жатыр, – деді аймақ басшысы.

Жаңа техникалар өңірдегі құтқару бөлімшелерінің мүмкіндіктерін арттырып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да