Цифрлық патриоттық: хәштәгтен әрекетке дейін

Ғаламтор дамыған заманда патриоттықты ояту туды желбіретумен шектелмейді. Қазір әлеуметтік желілерде елінің мәдениетін, тілін, рәміздерін қолдап, тарату арқылы да елге деген сүйіспеншілікті насихаттауға болады. Әлеуметтік желілердегі хэәштәгтер, флешмобтар мен толассыз пікір – халықтың бір мақсат аясына жұмылуының жаңа форматы.

Кейінгі жылдары Қазақстандағы әлеуметтік желі қолданушылары түрлі флешмоб ұйымдастырып, қаралу саны бойынша топ жарып жүр. Флешмоб дегенде жұрт бірден Нұрлан Қоянбаевтың бастамасын еске алады. Белгілі продюсер әрі тележүргізуші үш жыл бұрын әлеуметтік желіде Қазақстанның туы бейнеленген суретке миллиондаған комментарий жазуды мақсат етіп, халықты осы челленжге қосылуға шақырған еді. Бұл – символ арқылы халықты біріктіруге бағытталған цифрлық патриотизмнің мысалы.

Қазір «әлеуметтік желіде пікір жазу бойынша Олимпиада болса, Қазақстандағы желі қолданушылары жеңіп шығар еді» деген әзіл әңгіме де айтылады. Белсенділік бойынша да, креатив бойынша да, расында қолданушылар жарап тұр.

Мысалы, 30 қыркүйекте Алматының «Қайрат» футбол клубы корольдік клуб «Реал Мадридке» қарсы ойнады. Жеребе тарту өтіп, қарсыластың кім екені белгілі болғаннан-ақ біздің әлжелі қолданушылары «Реал Мадридтің» парақшасында көптеп пікір қалдыра бастады. Ал матч өткен соң, «Қайраттың» жанкүйерлері мадридтік клуб әдеттегіден көп пост салғанын айтып, пікір бөлімін тағы бір шулатты. Олар Қазақстандағы пікір жазатындардың белсенділігін байқап, осындай амалға барғанын да жазған.

хештэг, әлжелі
Әлеуметтік желі скрині
хештэг, әлжелі
Әлеуметтік желі скрині
хештэг, әлжелі
Әлеуметтік желі скрині

Қалай дегенмен де, шетелдік клубтың парақшасында ағылшынша емес, орысша емес, қазақ тілінде жазылған пікір, әсіресе Қазақстан Туының смайлын қалдырып кеткендер көп. Бұл елдің бір сәтте бір мақсат үшін жұмыла қалғанының дәлелі сияқты. Елдің символын футбол арқылы, жанкүйерлік арқылы көрсету де – цифрлық патриоттықтың мысалы.