40 жылдық еңбек өтілі бар шахтер «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы» жарлыққа қол қойды.

Өндірістік қызметтегі аса үздік еңбегі, агроөнеркәсіп кешенін және тау-кен өндіру саласын дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені:

  • Солтүстік Қазақстан облысындағы «Мәмбетов және К» КС механизаторы Қаражұманов Мұрат Кеңесұлына;
  • Қарағанды облысындағы Qarmet АҚ КД «Шахтинская» шахтасы учаскесінің бастығы Чернобай Сергей Петровичке тапсырылды.

Сонымен қатар белгілі археолог З.Самашев, тарихшы М.А.Сыдықназаров Қазақстан Республикасының А.Байтұрсынұлы атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, ұлттық қауіпсіздікті нығайту кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, I, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Айта кетерлік жайт, Жұмысшы мамандықтары жылына орай Республика күні қарсаңында еңбек әулеттерінің 138 өкілі, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардың 500-ге жуық жұмысшысы мен еңбеккері, шағын және орта бизнестің 200-ге жуық өкілі, 130-дан астам ұстаз бен ғалым, 100-ден аса медицина қызметкері және күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген басқа да азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.