Жетісу облысында 17 жыл халықаралық іздеуде болған күдікті ұсталды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Талдықорғанда полицейлер республикалық «Құқықтық тәртіп» акциясы аясында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында құқық қорғау органдарынан ұзақ жыл бойы жасырынған 54 жастағы Қазақстан Республикасының азаматын ұстады, — делінген хабарламада.
Дерек бойынша, ер адам 2008 жылғы 15 мамырдан бастап есірткі қылмысымен айналысқаны үшін халықаралық іздеуде болған. Мұндай әрекет үшін 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ұсталған азаматқа полицейлер тиісті шара қолданып жатыр. Аталған іс бойынша барлық жағдайлар тергеу барысында мұқият тексеріледі. Полиция қызметкерлері заң мен тәртіп әр азаматтың ұстануға тиіс қағидасы екенін, әр азамат жасаған қылмысы үшін жауапқа тартылатынын ескертті.
