Басты бетЖаңалықтарМағзұм Мырзағалиев...

Мағзұм Мырзағалиев «ҚазМұнайГаз» басшысы қызметінен кетті

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының міндетін атқарушы тағайындалды. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі хабарлады. 

«Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов «ҚазМұнайГаз» акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналыста «ҚазМұнайГаз» басшысы міндетін атқару жүктелген Асхат Хасеновті ұлттық компания ұжымына таныстырды.

Сонымен қатар қор басшысы Мағзұм Мырзағалиевке «ҚазМұнайГаз» басшысы ретінде атқарған қызметі үшін алғыс айтты.

Асхат Хасенов Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетін «Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» мамандығы бойынша, Халықаралық бизнес университетін «Менеджмент» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2005 жылы «Торғай Петролеум» АҚ мұнай-газ өндіру цехында 3-ші разрядты оператор болып бастады.

2006–2010 жылдары «Мұнай-газ өнеркәсібі бас диспетчерлік басқармасы» АҚ-да техникалық реттеу бөлімінің жетекші маманынан бастап вице-президенттің басшылық лауазымына дейінгі қызметтерді атқарды.

Осы жылдар ішінде мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарды.

2022 жылғы қаңтардан 2024 жылғы мамырға дейін энергетика вице-министрі қызметін атқарды.

«Құрмет» орденімен марапатталған.