Астанада пешпен жылытылатын үйлерде тұратын тұрғындарға қатты отын сатып алуға арналған әлеуметтік өтемақы төленеді.
Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы хабарлап отыр.
Әлеуметтік көмек Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 3 қазандағы № 84/10-VIII шешімімен бекітілген қағидаларға сәйкес көрсетіледі. Өтемақыны төлеу және өтініштерді қабылдау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арқылы жүзеге асырылады.
Көмек келесі санаттағы азаматтарға тағайындалады:
-
жасы бойынша зейнеткерлер;
-
мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар балалар;
-
әлеуметтік маңызы бар ауруларға шалдыққандар;
-
көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар;
-
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар;
-
балалар үйлерінің түлектері;
-
асыраушысынан айырылу жәрдемақысын алатын азаматтар (олармен бірге тұратын 18 жасқа дейінгі балалар және 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлім студенттері үшін).
Көмек алу үшін:
-
жан басына шаққандағы табыс мөлшері төрт ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс;
-
өтініш беруші мен отбасы мүшелерінің өзге тұрғын үйі болмауы керек;
-
отбасы пешпен жылытылатын жеке үйде тұруы қажет.
2025 жылғы жылыту маусымына арналған өтемақы көлемі 16 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) болды — бұл 62 912 теңге. Егер бір үйде көмек алуға құқығы бар бірнеше адам бірге тұрса, өтемақы тек біреуіне ғана төленеді.
