Басты бетЖаңалықтарПарламент Мәжілісі...

Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттарды ұсыну басталды

Сайлау туралы заңның 87 бабы 5 тармағына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттағына кандидаттарды ұсыну бүгіннен басталды.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

Оның айтуынша, сайлау туралы заңға сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі. Қазақстанның Коммунистік партиясы бұл процеске қатыса алмайды. Өйткені, сот шешімі бойынша оның қызметі уақытша тоқтатылған. Бұл ретте сайлау комиссияларының Қазақстанның Коммунистік партиясының ұсынысы бойынша сайланған мүшелері өздерінің жұмысын жалғастыратын болады.

«Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін үміткер азамат Конституцияның 51 бабы 4 тармағымен белгіленген талаптарды қанағаттандыруы, сондай-ақ Конституцияның 33 бабы 2 және 3 тармақтарына сәйкес, белсенді сайлау құқығына ие болуы тиіс. Осылайша, жасы 25-ке толған және Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және республика аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Мәжіліс депутаты бола алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айырылу орындарында отырған азаматтардың сайлау және сайлану құқығы жоқ», — деп атап көрсетті ОСК төрағасы.

ДереккөзҚазАқпарат