Qazaq Air (Vietjet Qazaqstan) жаңа халықаралық бағыттардың іске қосылатыны туралы хабарлап отыр. Енді Астанадан Бішкек пен Самарқанға тікелей рейстер ашылады.
Компанияның мәліметінше, 2025 жылғы 7 қарашадан бастап Астана–Самарқан–Астана бағыты бойынша рейстер аптасына екі рет — жұма және жексенбі күндері орындалады. Ал 10 қарашадан бастап Астана–Бішкек–Астана рейсі де аптасына екі рет — дүйсенбі және бейсенбі күндері ұшады.
Орталық Азиядағы бағыттарын кеңейту бастамасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың түркі елдері арасындағы байланыстарды дамыту арқылы туризмді, сауданы, білім беру мен мәдени ынтымақтастықты күшейту жөніндегі стратегиялық бағытымен үндес келеді, – делінген хабарламада.
Әуе компаниясы Астанадағы хаб арқылы жолаушыларға Бішкекке, Самарқанға, Омбы мен Новосібірге, сонымен қатар Қазақстанның түрлі өңіріне ыңғайлы рейстер ұсынатынын атап өтті.
