Telegram мессенджерінің негізін қалаған Павел Дуров Көлсай көліне шомылғаны үшін 39 мың теңге айыппұл төлеуі мүмкін.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлап отыр.
Бұл жағдайға қатысты ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк түсініктеме берген.
Мұндай аймақтарда заң бұзған азаматтардың жауапкершілігін экология министрлігі реттейді. Біз бұл фактіге қатысты материалдарды тіркеп, министрлікке жолдадық. Өз тарапымыздан хаттама толтырған жоқпыз, тек БАҚ-та жарияланған ақпарат негізінде материал жинақтадық, — деді Алексей Милюк.
ІІМ өкілі түсіндіргендей, жаза көлемі құқық бұзудың деңгейіне байланысты болады.
Бұл тек ескерту де болуы мүмкін, немесе 10 айлық есептік көрсеткішке дейін (шамамен 39 мың теңге) айыппұл салынуы ықтимал, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Павел Дуров әлеуметтік желілерде Көлсай көлінен шыққан сәтін бейнелейтін видео жариялаған болатын. Бұл бейне кеңінен тарап, қоғамда қызу талқыланды.Осыдан кейін «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі қызметтік тергеу басталғанын хабарлаған еді.
