«Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы күні Алматы метросы 142 мыңнан астам жолаушы тасымалдады. Бұл туралы метрополитеннің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
30 қыркүйек күні өткен «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матч Алматы метросындағы жолаушылар ағынын рекордтық деңгейге жеткізді. Метрополитеннің баспасөз қызметінің мәліметінше, сол күні метро 142 932 жолаушыны тасымалдап, тарихтағы ең жоғарғы тәуліктік көрсеткішке жетті.
Жолаушылардың көптігіне байланысты матч өткен күні метроның жұмыс уақыты 01:00-ге дейін ұзарды.
Естеріңізге сала кетейік, 30 қыркүйекте Чемпиондар лигасында «Қайрат» пен «Реал Мадрид» ойнады. «Қайрат» командасы «Реал Мадридтен» 0:5 есебімен жеңіліп қалды.
«Қайрат» 18 қыркүйекте Португалияның «Спортиң» командасымен ойнаған еді.
«Қайрат» 26 тамызда плей-офф кезеңінде сенсациялық түрде «Селтикті» жеңіп, өз тарихында алғаш рет чемпиондар лигасының негізгі бөлігіне жолдама алған еді.
«Қайрат» — Қазақстан тарихында топтық кезеңге шыққан екінші клуб. Бұған дейін бұл жетістікке 2015/2016 маусымында «Астана» жеткен еді.
