Астаналықтардың жұмыс уақыты өзгереді

Бүгін «ЭКСПО» көрмесін өткізу кезінде Астана қаласында жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелеріне арналған баспасөз мәслиxаты өтті.

«Құқық қорғау органдарының, медициналық ұйымдар, білім беру ұйымдары, мектептер мен балабақшалардың жұмыс уақытын сол қалпы қалдыру ұсынылып отыр. Ойын-сауық ұйымдарының жұмыс уақытын сағат 10:00-ден 10:30-ға , ұлттық компаниялардың уақытын 09:30-ға ауыстыру ұсынылды. Бұған қоса, республикалық басқару органдары, жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдік, мемлекеттік мекемелер сағат 09:00-ден 08:30-ға ауыстырылады», — деді Бекмырза Игенбердинов.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың жұмыс уақытын сағат 09:00-ден 08:30-қа, ХҚҚО мен қаржы ұйымдарының жұмыс кестесін 09:00-ден 10:00-ге ауыстыру жоспарланып отыр. Құрылыс ұйымдары үшін жұмыс сағат 07:00-ден басталса, коммуналдық шаруашылық қызметкерлері таңғы 07:30-да жұмысына кіріспек.

«Жұмыс уақытын саралау әлемнің көптеген мегаполисінде қолданылатын стандарттық және тиімді тәжірибе. Қолға алынып жатқан шаралар таңертеңгі және кешкі уақыттарда ұзын-сонар кептелісті болдырмауға, жолдағы жүктемені азайтуға септігін тигізеді», — деп атап өтті басқарма басшысы.

Оның айтуынша, жұмыс уақытының өзгерісі «ЭКСПО» көрмесінен кейін де сақталады.

 

ДереккөзBaq.kz