Қоғамда балалар мен жасөспірімдер суициді туралы түрлі пікір, түрлі көзқарас бар. Бұл пікір мен көзқарастың қайсы дұрыс, қайсы қате екенін айыру қиын.
Baribar.kz тілшісі психотерапевт, Психоанализ қауымдастығының президенті Гүлжан Қалиқызымен сөйлесіп, балалар суициді туралы мифтерді талдап көрді.

1-миф: «Суицид туралы сөйлеспеу керек. Бұл баланы суицидке итермелейді»

Қоғамда балалар мен жасөспірімдер суициді туралы көзқарас әртүрлі. Бір тарап «Балалар мен жасөспірімдер суициді туралы мүлдем талқыламау керек. Бұл суицидке итермелейді» десе, енді бір тарап «Суицид туралы ашық сөйлесу керек. Суицид туралы ойланып жүрген бала ойын өзгертуі мүмкін» деген ұстанымды ұстанады. Психотерапевт Гүлжан Қалиқызы баламен суицид туралы ашық сөйлесу керек екенін айтты.

Суицид туралы сөйлесу керек. Бұл тақырып ашық, дұрыс талқыланған жағдайда суицидтің алдын алуға болады. Суицид туралы ойлап жүрген адам үшін дұрыс ақпарат алу, психологиялық көмекке жүгіну – ішкі арпалыспен жалғыз қалмаудың жолы. Баламен суицид туралы қалай айту керек екенін білген жөн. Ата-ана көбіне баланы түсінбей жатады. Баласының сезімін түсінбейтін, баласымен ашық сөйлесе алмайтын ата-ана суицидтің бірінші белгілерін байқамайды. Мұндай жағдай суицидке апаруы мүмкін. Көп ата-ана суицид тақырыбын ашуға қорқады. Баламен қарым-қатынаста бірнәрсе дұрыс болмай жатқанын мойындағысы келмейді. Бұл қате. Мұндай жағдайлар баладағы суицид ойларын күшейтеді. Бала «Мені ешкім түсінбейді. Бұл өмірде не істеп жүрмін?» деп ойланады. Сондықтан ашық сөйлесу керек. Ашық сөйлесу – нақты жолды бірге іздеу. Ата-ана балаға «Саған әрқашан көмектесуге дайынмын. Осы нәрседен шығатын жолды бірге іздейік» деген ойды ұқтыруы қажет, – дейді Гүлжан Қалиқызы.

2-миф: «Суицид туралы ойлар психикалық ауытқуы бар балаларда ғана болады»

Қоғамда «Суицид туралы ойлар психикалық ауытқуы бар балаларда ғана болады» деген түсінік кең тараған. Гүлжан Қалиқызы бұл миф екенін айтты.

Бұл – миф. Суицид жасқа, гендерге қарамайды. Суицид туралы ой ауытқуға байланысты емес. Суицид – жанның күйзелісі. Өмірдегі қиын жағдайлар, зорлық-зомбылыққа ұшырау, отбасындағы түсініспеушілік, мектептегі буллиң, әлеуметтік оқшаулану сияқты факторлар суицид туралы ойға апаруы мүмкін. Осы себепке байланысты «Суицид туралы ой психикалық ауытқуы бар балаларда ғана болады» деген түсінік дұрыс емес. Суицид туралы кез келген адам ойлауы мүмкін. Өйткені депрессияның түр-түрі болады. Ал депрессияға психикалық ауытқуы бар бала да, психикалық ауытқуы жоқ бала да ұшырауы мүмкін, – дейді психотерапевт.

Гүлжан Қалиқызы, психотерапевт
Гүлжан Қалиқызы, психотерапевт. Фото жеке мұрағатынан

3-миф: «Суицид туралы ойланып жүрген балаға психиатр, дәрігерлер ғана көмектесе алады»

Адамдар кейде баланың не жасөспірімнің депрессияда жүргенін біліп, суицид туралы ойынан хабардар болса да «мен көмектесе алмаймын» деп ойлайды. «Суицид туралы ойланып жүрген балаға психиатр, психолог, дәрігерлер ғана көмектесе алады» деген түсінік қалыптасып кеткен. Психотерапевт кез келген адам суицид туралы ойлап жүрген балаға көмектесе алатынына тоқталды.

Балаға дәрігерлер, психологтар, психиатрлар ғана емес, қоғам да, отбасы да, туысқандар да, достар да, мұғалімдер де көмектесе алады. Жалпы, кез келген адам балаға көмек бере алады. Өйткені балаға өзін жалғыз сезінбеу маңызды. Қандай күйзеліс болса да баланы түсінетін, баланың жан дүниесіне үңіле алатын, керек кезде қолдай алатын жақын адамның болғаны өте маңызды. Депрессияда жүрген балаға «Біздің кезде депрессия деген болған жоқ. Оны қайдан шығарып алдың?» деп жекуге болмайды. Қазір қоғам өзгерген. Баланы тыңдау керек, баланың сезімдерін жоққа шығармау қажет. Әрине, кәсіби мамандарға да қаралған дұрыс. Ол адамдар да көмектеседі, бірақ баланың жанында сол мамандарға бағыттайтын жақын адамы болуы керек, – дейді ол.

4-миф: «Бала суицид жасағысы келсе, оған ешкім кедергі бола алмайды»

Қоғамда «Бала суицид жасамағысы келсе, оған ешкім де кедергі бола алмайды» деген түсінік те тараған. Психотерапевтің сөзіне қарағанда, бұл түсінік толықтай дұрыс емес.

Адам өзін не үшін өлтіреді? Ішкі күйзелістен құтылу үшін. Адам жан дүниесіне сыймайтын, түсіне алмайтын ауыр сезімдерінен құтылуды қалайды. Қол жұмсау – ең соңынан болатын нәрсе. Адам суицидті жылдар бойы ойлауы мүмкін. Оған бару – соңғы инстанция. Осы үшін адамды бұл жағдайға жеткізбеуге тырысу керек. Құбылыстарды ата-ана, қоғам, мұғалім, туыс, жора-жолдастары байқап, үндемей қалуы мүмкін. Бұл дұрыс емес. Дер кезіндегі көмек өте-мөте маңызды, – дейді Гүлжан Қалиқызы.

Психотерапевт ата-аналарға маңызды кеңес айтты.

Әрбір ата-ана баласын тани білуі керек. «Қандай сезімдері бар?» «Қандай қылықтары бар?» «Қандай қиындықты көтере алады?» деген сұрақтардың жауабын біліп тұрғаны жөн. Кей бала өте сезімтал болады, кей бала өте тұйық болады. Содан әр баланың қиындыққа реакциясы әртүрлі. Мұны ата-ана білуі керек. Кей жағдайда бала суицид туралы сұрақ қоюы мүмкін. Ол кезде баламен ашық сөйлесу керек. «Болмайтын нәрсе айтпа», «Құдай сақтасын», «жамандық шақырма» деудің қажеті жоқ. Ата-ана баланың суицид туралы ойын біліп қалса, оған ұрыспауы, сөкпеуі керек. «Өмір сүргім келмейді», «шаршап кеттім» деген сөздерді естісе де ұрысудың қажеті жоқ. Тыңдау керек. Не болып жатқанын түсіну керек. Кейбір ата-ана «бұл өтіп кетеді», «ойлай берме», «Саған не жетпейді?» деген сөздер айтады. Бұл сөздер керісінше баланы суицидке итермелеуі мүмкін. Бала «мен қайттан жазғыз қалдым», «сезімдерімді ешкім түсінбейді» деген ойдың жетегінде қараңғыға түсіп, тығырыққа  тіреледі. Суицид бірден болатын процесс емес. Ол нәрсенің алдын алуға болады. Бастысы – баланы қолдау керек, түсіну керек. Баламен жеке тұлға ретінде сөйлескен дұрыс. Ата-ана өзін тәрбиелеу арқылы баланы да тәрбиелейді, – дейді Гүлжан Қалиқызы.

Сізге психолог көмегі қажет болса, 150 нөміріне қоңырау шала аласыз.