Гүлжан Амангелдинова. Фото жеке архивінен

Зорлық-зомбылық кесірінен тән зардап көреді жәбірленуші психологиялық соққы алады, тұлға ретінде дамуы кейіндейді. Бұл, тіпті, өлімге апаруы мүмкін.  Алайда кейде адам қысымға ұшырап жатқанын білмеуі де мүмкін.  Зорлық көрсету үшін соққыға жығу міндетті емес. Мәселен,  отбасыға билік жүргізіп, үстемдік жүргізгісі келген адам жақынын кекетіп-мұқатып отыруы немесе қаржылай қысым жасауы мүмкін.

Сондықтан зорлық-зомбылықтың бірнеше түріне  жеке-жеке тоқталайық.

Экономикалық зорлық-зомбылық

Мұндай зорлық жасайтын адам отбасына экономикалық жағынан қысым көрсетеді. Мысалы, жұбайына ақша бермейді, балаларына қаржылай көмектеспейді, кірісін жасырып қалады немесе өзі тапқан яки отбасының ортақ ақшасын ешкіммен ақылдаспай жаратып жібереді. Әйелінің ерінен ақшаны қиылып сұрап, оны не нәрсеге жарататынын тәптіштеп түсіндіруі де экономикалық зорлық-зомбылыққа жатады.

Психологиялық зорлық-зомбылық

Мұның зорлық екенін көп адам байқамауы, білмеуі де мүмкін. Жәбірленушіге отбасы мүшесі «Қолыңнан түк келмейді», «Өмірде ештеңеге қол жеткізе алмайсың», «Сені кім жақсы көрсін?!» деген сөздер айтады. Ең жақын деген жаннан мұндайды естіген адамның бойында сенімсіздік пайда болады, қорқаққа айналады. Өкінішке қарай, біздің қоғам ердің әйеліне «өйтпе, бүйтпе» деп дөрекі сөйлеуін қалыпты деп қабылдайды. Оны көргендер «отбасында ондай-ондай болып тұрады» деп көз жұма салады. Зорлық көріп отырғандар да отбасыдағы жағдайын басқалармен салыстырып, «солардан жақсы ғой, әйтеуір» деп өзін жұбатады.

«Күйеуім көп жыл ұрып-соқты, бірақ 40 жастан кейін қойды. Қазір бәрі жақсы» деген сияқты түрлі әңгіме естиміз. Сондықтан қашан қарасаң бет-аузы, денесі көгеріп жүретін туысымыздың не құрбымыздың күйеуі әйтеуір бір күні жөнге түсетініне сенеміз.

Сексуал зорлық-зомбылық

Ерлі-зайыптының бірі жыныстық қарым-қатынасқа дайын емес екенін немесе қаламайтынын айтып, бас тартады. Ал екінші адам бұл қарсылыққа қарамастан, «жоқ, маған қазір керек» деп жолдасының еркінен тыс жыныстық қатынасқа түседі. Бұл — отбасындағы сексуал зорлық-зомбылық.

Бала кезден үлкендерден «шыдау керек», «үндемеу керек» дегенді естіп өскендіктен, жәбірленуші мұндайға көнеді.

Иллюстрация: Hanna Barczyk

Педофилия да сексуал зорлық-зомбылыққа жатады. Ересек адамның кішкентай балаға қызығуы, оның денесімен ойнауы, оны сүюі — балаға деген зорлық. Мұны бала әке-шешесіне немесе өзге үлкендерге айта алмауы мүмкін.

Педофил «біреуге айтсаң, анаңды өлтіремін» деуі мүмкін. Болмаса балаға «Мен сені жақсы көрем ғой, неменеге айтасың?» дейді. Сондай-ақ өзін қолдайтын ересек адамның табылатынына сенбейтін баланың зорлыққа шыдай беретіні тағы бар.

Зорлықшыл неге өзін олай ұстайды?

Қалай болғанда да, отбасы мүшелеріне психологиялық қысым көрсеткеніне, ұрып-соққанына зорлық жасайтын адам толық кінәлі.  Оның бұлай жасауына бала кездегі өзінің қысым көруі, кедейлік, алкогольді жиі ішу, басқалармен тұрақты қарым-қатынас орната алмауы, елдегі зорлық-зомбылық жасау деңгейі әсер етеді. Зорлықшыл сол әсердің бәрін көтере алмайды, ситуацияны игере алмайды. Сондықтан өшін ерінен не зайыбынан, баласынан, отбасының өзге де мүшелерінен алады.

Зорлық көру адамға қалай әсер етеді?

Иллюстрация: pikisuperstar

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болған адам өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Бойында мазасыздану, ұялу, қорқу, дәрменсіздік сезімі күшейеді. Бұл оның агрессиясын арттырады, кек қайтаруды да ойлауы мүмкін. Кей жан күйзеліске түсіп кетеді, болмаса ішімдікке салыну, дәрі-дәрмек іше беру, өз тәнін жарақаттау секілді ақыр аяғы құрдымға жіберетін істермен айналысады. Адамның ұйқысы бұзылады, басы, іші жиі ауырады, астма пайда болып жатады. Ондай жағдайда адам бір жылда бірнеше операцияға түсуі мүмкін. Мұның бәрі — бейсаналы түрде өлімге жақындау, өзін керек емес сезінудің салдары.

Зорлықшылды, зорлықты қалай тануға болады?

Адам ақпарат іздеуі керек. Ал ең дұрысы — ата-ананың баласына кішкентайынан «саған ешкімнің қол көтеруге құқы жоқ», «ешкім қадіріңді түсіретін нәрсе айтпауы қажет», «қаламаған ісіңді істемеуің керек» деп айтып, құлағына құйып отырғаны. Сонда бала өзіне қол көтерген, келеке еткен адамның зорлықшыл екенін түсінеді. Менің қабылдауыма 18 жасқа дейінгі балалар да келеді. Олармен әңгімелесіп отырып, отбасында «ол — ұл, үйдің тірлігіне араласпауы керек, ал сен — қызсың, үйдің шаруасы сенің мойныңда» деген сияқты алалау бар екенін байқаймын. Мұндайды естіп өскен қыз тұрмысқа шыққанда да Күлшеқыздың кебін киюі мүмкін. Бұл да — зорлық жасау.

Қазақ «келін түсіреміз, қолымыз ұзарады» деп жатады. Бұл — адамды пайдалану, оған зорлық көрсету.

Адам зорлық көруді не себепті ұнатады?

Біреудің зорлауына көне беретін, тіпті зорлыққты ұнататын адамдар болады. Оларды «мазохистер» дейді. Ал ішіндегі агрессиясын жұртқа шығарып, өзгені ұрып-соғудан ләззат алатын адамды «садист» дейді. Орыстарда «Мазохист садисін ешқашан жібермейді» деген мақал бар. Осындай типтегі отбасы иелері — «апама жездем сай» тұлғалар. Бірі екіншісін аямай соққыға жығып алып, артынша құшақтасып отырады.

Мазохист өмір сүру салтынан айнымауы мүмкін. Өйткені айналадағылардың «Байғұс-ай, қалай шыдап жүрсің?», «Сен сондай мықты әйелсің (немесе еркексің), сендегі шыдамды басқаға берсе ғой» деген сияқты сөзіне іштей риза болады. Соны мақтан көреді, қолдау санайды. Адам зорлық көрудің дұрыс емес екенін түсінуі үшін ұзақ уақыт психологиялық терапиядан өтуі керек.