13 наурызда «Қожа. Жаңа саяхат» фильмі прокатқа шығады. Фильмді режисссер Қуат Ибрагимов Алматы облысында түсірген. Бұл — 1963 жылы шыққан «Менің атым Қожа» фильмінің жалғасы. Бұл жолы алдыңғы фильмдегі түйіндер шешіліп, нүкте қойылады. Оған қоса Сұлтан, Жантас, Жанар сияқты кейіпкерлер ашыла түседі. Baribar тілшісі фильм сценарисі Садық Шерімбекпен және Қожаны, Жанарды, Сұлтанды, Жантасты сомдаған актерлармен әңгімелесіп қайтты.

Жаңа фильмнің идеясы — қабылдау

«Қожа. Жаңа саяхат» фильмінде «Менің атым Қожада» аяқталмай қалған түрлі ой мен әрекетке нүкте қойылады. Бұл туралы фильмнің сценарисі, шығармашылық топ жетекшісі Садық Шерімбек айтып отыр.

Негізі бұрынғы Қожаның ремейкін түсіруге болар еді. Алайда оны түсірудің мәні жоқ. Бірінші фильмдегі жалпы мәселелер қазіргі қоғамда жоқ. Кейіпкерлерді осы заманға әкеліп, түсіру де өзекті бола қоймады. Олай етсек, фильм идеясы төмендеп кетер еді. Сондықтан мақсатты түрде алдыңғы фильмнің жалғасын түсірдік. Бұл жолы алдыңғы фильмде аяқталмай қалған нәрсенің бәрін соңына жеткіземіз, — дейді Садық Шерімбек.

Садық Шерімбек
Садық Шерімбек. Фото: Нұрназар Әмзе

Жаңа фильмнің идеясы — қабылдау. Сценаристің айтуынша, қазір қоғам мүшелері реалдан қашып жүр.

Жағдайымыз бен күйімізді қабылдай алмай, өзімізді түрлі нәрсе арқылы алдап жүрміз. «Менің атым Қожаның» бас конфликтісі қабылдай алмау ғой. Ал жаңа фильмнің идеясы — қазіргі жағдайыңа мән беріп, қабылдап, содан күш-қуат алу. Мұны кейіпкерлер арқылы көрсетеміз. Қожа әкесінің жоқ екенін, анасы мен Қаратайдың қарым-қатынасын қабылдайды, — дейді сценарист.

Оның айтуынша, алдыңғы фильмде кеңес жүйесі Қожа сабағын жақсы оқи тұра, неге бұзық екенін түсінбейді. Қожаны пионерлер өзі тәрбиелеп алады деп сенеді. Қожаның жеке трагедиясын ойламайды. Мысалы, Қожаның әкесі жоқ. Әкесі беретін қолдау-қолпаштауды ешкімнен ала алмай, амал жоқ, қоғамға еркелейді. Қоғам оған назар аударғанда, соңы қақтығысқа, шиеленіске ұласады. «Қожа. Жаңа саяхатта» бұл проблема бар, әрі қарай жалғасады да, шиеленіс шешіледі.

Жаңа фильмде Жантас пен Қожаның қақтығысы тереңдей түседі. Бұл Жантас алдыңғыдай Қожаға алыстан тиісіп отыратын, Жанардың айналасынан шықпайтын бала емес, ол жүйенің адамы болып шыға келеді, — дейді ол.

Кинотанушы Әсия Бағдәулетқызы «Менің атым Қожаны» талдап, Қожаны сол заманның көрінісін дәл беріп отырған фильм дейді. Қожа — кеңес үкіметі жүйесіндегі қазақ адамы. Сұлтан — басына бөркін, үстіне нымшасын киіп алатын еркін қазақтың образы. Ол жүйеге сыймайды, Қожаны бостандыққа алып кеткісі келеді де тұрады. Қожаның әкесі — ұмытылып кеткен құндылықтар. Қожа үнемі әкесін іздеп, жұрттан сұрап-біліп жүреді.

«Менің атым Қожа» еркіндікті аңсаған фильм болса, «Қожа. Жаңа саяхат» еркіндікті алған, бірақ сол азаттығын енді түсіне бастаған ұлттың болмысын сипаттайды, — дейді Садық Шерімбек.

Фильм не үшін түсірілді?

Фильмді Qalan компаниясы түсірген. Компанияның миссиясы — қазақ еліндегі ғылым-білімді қайта жаңғырту. Садық мырзаның айтуынша, ғылым-білімді жаңғырту мәдени паттерндерді өзгертуден басталады.

Садық Шерімбек
Садық Шерімбек. Фото: Нұрназар Әмзе

Бұл мақсат үшін бірнеше жоба бастадық. Соның бірі — «Менің атым Қожа» фильмнің жалғасын түсіру. Меніңше, барлық жақсы нәрсенің жалғасы болуы керек. Қожадан бөлек, жалғасын әлі күнге дейін күтіп жатқан тарихи фильмдеріміз қаншама?! Рухани жаңғыру деген жалаң сөзбен бітетін іс емес. Құр пікір мен Facebook-тағы екі-үш пост арқылы ұлт жанашырына айналайық дейтін адамдар бар. Ондай әрекет белгілі бір деңгейде жаңа медиалардың әлеуетін өлтірді. Біз бұл жолды қайталағымыз келмейді. Нақты іске, нақты нәтижеге ұмтыламыз, — дейді Садық Шерімбек.

«Қожа. Жаңа саяхат» фильмінде Қожаның рөлін Айқын Елубай, Жанарды Айым Күлмесхан, Сұлтанды Олжас Қалғапбар, ал Жантастың образын Ильяр Егінбай сомдайды. Бұл — бәрінің толықметрлі фильмдегі дебюті. Бір қызығы, әркімнің бет-бейнесі өз кейіпкеріне келіп-ақ тұр. Әсіресе, көрерменді Қожаның алдыңғы Қожаны сомдаған Нұрлан Сегізбаевқа қатты ұқсайтыны таңғалдырды. 

Қожаны ойнасам деп армандап едім — Айқын (Қожа)

Айқын Елубай көпшілікке Instagram арқылы танылған еді. «Міне, бүгінгінің Қожасын қараңдар, өзі де Қожа сияқты тентек» деген видеода Айқын тауда қой бағып, айран ішіп отыратын. Видео астына «Қожадан аумайды» деген пікір көп жазылған болатын. Содан танылған баланы Qalan.kz әуелі видеороликке түсіріп жүреді де, соңында фильмде ойнауға бекітеді.

Қожа. Айқын Елубай
Айқын Елубай. Фото: Нұрназар Әмзе

Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылында тұрамын. Жасым 15-те. Бұл фильмге түсу үшін былтыр жазда Алматыда жүріп, 4,5 ай дайындалдым. Олжас, Ильяр үшеуімізді актриса Зәуре Көпжасарова дайындады. Сұлтан екеуімізді төбелестіріп, бір-бірімізді ит сияқты тістететін. Алматыда Сұлтанмен пәтерде бірге тұрдық. Үшеуімізге де алдыңғы фильмді айналдырып көрсете берді. Бердібек Соқпақпаевтың «Менің атым Қожасын» қайта-қайта оқыта берді. Сондағысы рөл бойымызға сіңсін дегені. Режиссер Қуат Ибрагим аға «Сен ол Қожаны ойнама, өз Қожаңды ойна, ол талант өзіңде де бар» деген еді. Рөлді қолымнан келгенше сомдап шықтым, — дейді Айқын.

Осы сәтте әңгімеге Сұлтанды ойнаған Олжас араласты.

Мен қазір актер мамандығын оқып жатырмын, ал Ильяр актерлық курсқа қатысып жүр. Қожаны дайындау үшін бәріміз бірге дайындалдық. Зәуре апай Қожаның жалғыз өзін жаттықтыра берсе болар еді, бірақ мен де, Жантас та — түсірілм алаңында Қожамен тығыз байланысатын партнермыз. Бұл камера алдында бір-бірімізден жатсынбай, үйренісу үшін керек. Сондықтан дайындыққа біз де қосылдық, — дейді ол.

Нұрлан Сегізбаев алдыңғы фильмде оның аты неге басқа емес, дәл Қожа екенін түсіндірген. Қожа — елдің, жердің қожасы. Фильм сондай идеологияға сүйеніп түсірілген дейді.

Қожа — Айқын Елубай
Қожа — Айқын Елубай. Фото: Нұрназар Әмзе

«Менің атым Қожа» қайта түсірілсе, Қожаны ойнасам деп армандап едім. Соған жеттім. Түрім де, жүрісім де Нұрлан Сегізбаевқа келеді екен. Мұны ол кісімен кездескенде анық көрдім. Түсірілім алаңына келіп, бізге — түсірілім тобындағы 100 адамға бата беріп кетті. Сонда ол кісі «Менің Қожам шкафта қалды. Енді жаңа Қожа шықты, сендерге батамды бердім» деді.

Айқын — ат құлағында ойнайтын жігіт. Көкпар шабады, трактор айдайды. Өзі Қожа сияқты тентектігім бар деп шынын айтып отыр. «Қожа. Жаңа саяхаттағы» Айқынның өз Қожасы қалай өзгергенін сұрадық.

Алдыңғы фильмде Қожа 5-класс оқитын, бұл фильмде 8-класс оқып жатыр. Баяғыда жазушы боламын деген арманына жетіп, роман жазуға отырады. Өткен жолы Жанармен махаббатымыз ашыла қоймап еді, бұл фильмде сезімімді білдіре алам. Ал Сұлтанмен (Олжаспен) фильмде де, өмірде де доспыз. Өзі атқа міне алмайды екен. Фильм біткен соң ауылға шақырып, ет асып, атқа мініп үйреттім. Олжас екеуіміз жерлеспіз, менен екі ауылдан соң тұрады. Ертесіне оның ауылына барып, Леңгірде бір апта жатқаным бар. Премьераның бәрі біткен соң, Жантасты да ауылға алып кетпекшімін. Үшеуіміз бауыр болып кеттік, — дейді Қожа.

Фильмде Айқын түсірілімнің бірінші күні-ақ ағыны қатты суға лақпен секіретін сахнасы бар. Су терең емес, ары кетсе белден келеді. Кадр сәтті шығуы үшін бұл сахнаны төрт рет түсірген екен. Айқын ауылда жүріп, суға секіріп үйреніп қалғанмын деп отыр.

Жалпы, фильмдегі қиын сахналарды өзім істедім. Шұңқырға құлайтыным бар, мотоцикл айдайтыным бар. Негізі мотоциклді Сұлтан айдауы керек еді. Алайда Олжас Алматыға келіп, қаланың баласы болып кетіпті (күліп). Содан мотоциклді екі күнде үйреніп алдым, — дейді Айқын.

Жанар — Қожаның нағыз бейнесін көре алған қыз — Айым (Жанар)

Айым Күлмесхан Жанардың рөлін сомдап шықты. Жанардан бір класс жоғары — 9-класс оқиды. Алматыға кастиңге Тараздан келіп, қатысқан.

Қожа мен Жанар
Фото: menin_atym_qoja_official

Бұған дейін эпизод рөлдерге түскенмін. Түсірілім сәті ұнайды екен. Сол үшін әлеуметтік желіден кастиңдер қарап отырғанда, осы фильмді көріп қалдым. Бағымды сынайын деп кастиңге кірдім. «Келген барлық қызды кастиңнен өткіземіз, үш күн күте тұр» деді. Үміт үзбей күтіп, соңында рөлге бекіткені туралы сүйінші хабар алдым, — дейді Айым.

Ол Жанар Қожаның нағыз бейнесін көре алған қыз дейді.

Айым- Жанар, "Қожа. Жаңа саяхат"
Фото жеке архивінен

Жанар — өте ақкөңіл, мейірімді қыз, үздік оқушы. Класта Қожаның жақсы тұсын ешкім байқамайды. Жанар ғана Қожаның қандай мейірімді, адамгершілігі мол бала екенін біледі.

Айым фильм түсіргенде қызық сәттер көп болғанын айтып отыр.

Саты ауылындағы түсірілімде Қожа лақпен суға секіретін сәті бар. Әлгі лақ бір тынымсыз екен, оның үстіне қолымыздан сытылып шығуға тырысады. Қожамен суға түскен соң лақ топыраққа барып әбден аунаған. Ал мен лақты құшақтап отыратын сахнаға түсуім керек. Лақты сол күйі алдыма алып, сипалап отырып, сахнаны түсірдік. Үстім су, кір болған (күліп). Ал Ұзынағашта фильмдегі кластастарымызбен үстел ойындарын ойнап, әбден қызыққа батқанбыз, — дейді Айым.

Сұлтан жылқы бағып жүрген жоқ, ол есейді — Олжас (Сұлтан)

Жаңа фильмде Сұлтанды Олжас Қалғапбар ойнайды. Олжас — Елебеков атындағы цирк колледжінде актер мамандығын оқып жатыр. Жаңа фильмдегі Сұлтан мен өмірдегі Олжас құрдас, екеуінің де жасы 18-де.

Олжас Қалғапбар
Олжас Қалғапбар. Фото: Нұрназар Әмзе

Әуелде Сұлтан мен Қожаның видеоролигіндегі Сұлтанды басқа жігіт ойнайтын. Сол видеоны көріп, қызық екен дегенмін. Бір айдан кейін Instagram-да осы фильмнің кастиң директоры Сұлтанның рөліне кастиң жариялап жатқанын көрдім. Тіркеліп едім, мені кастиңге шақырды. Ол кезде шашым қысқа еді. Менен «Шашыңыз өсе ме?» деп сұрады. «Өседі» дедім. Сөйтіп кастиңге бардым. Сол күні рөлге бекітті, — дейді Олжас.

Актер Сұлтан аты айтып тұрғандай жай адам емес дейді. Ол — қазақтың сұлтаны, елдің иесі.

Өткенде көшеде бір кісі мені танып қалды. «Сен анау Сұлтан емессің бе? Сұлтан әлі жылқы бағып жүр ме?» деп сұрайды. Жоқ, ол есейді. Алдыңғы фильмде цензураның кесірінен кадрлар қиылып кеткен ғой. Содан көрермен Сұлтанды мал бағып, дала кезіп кетті деп ойлайды. Кейіпкердің қалай өзгергенін жаңа фильмнен көрерсіздер, — деп қызықтырып қойды Олжас.

Сұлтан — Олжас Қалғапбар
Сұлтан — Олжас Қалғапбар. Фото: Нұрназар Әмзе

«Менің атым Қожада» Сұлтан шылым шегетін, сабақты тастап кеткен әрі ұрлықшы бала ретінде сипатталады. Ал «Қожа. Жаңа саяхаттағы» Сұлтан одан бетер болып шықты. Бірінші фильмде «балығы мынадай» десе, енді «қойы мынадай» дейтіні бар. Дегенмен Сұлтан ақылды тентек. Олжас тентектік жасағанда арам оймен қылмайды, өзін асырау үшін істейді деп ойлаймын дейді. Өйткені үйден кеткен бала нанын тауып жеуі керек.

«Менің атым Қожа» — қайталағың келсе де, қайталай алмайтын аңыз фильм. Ол кездегі атмосфера да, дауыс бояуы да, киноға көзқарас та басқа. Бұрынғы Сұлтан актер емес еді, ол өзін сомдады. Ал мен — актермын, сол Сұлтанды сомдап шықтым. Бердібек атамның сызылып кеткен ойларын Сұлтан арқылы жеткізсем деген мақсатым ғана бар. Сондықтан көрермен кейін Сұлтан, Қожа, Жантас, Жанар бұрынғыларға ұқсамайды деп жатса, онысы қисынсыз болар еді.

Арманым — Сұлтанды сомдау — Ильяр (Жантас)

Жантастың рөлін ойнайтын Ильяр Егінбай әуелде компанияның роликтеріне түсіп жүретін. Фильмді түсіргендер Ильярдың бет-әлпетін Жантасқа ұқсатып, сол рөлге бектіпекші болады. Алайда Жантасқа мінезі мүлдем ұқсамайтын болып шыққан. Содан қанша баланы кастиңнен өткізген. Ақыры рөл Ильярға бұйырыпты.

Жантас. Ильяр Егінбай
Ильяр Егінбай. Фото: Нұрназар Әмзе

Алматыда тұрамын. Актер болуды үйрететін курста 5 жылдан бері оқып жатырмын. Бұған дейін эпизод рөлдерді сомдағам, ал бұл — алғашқы үлкен рөлім. Бірінші фильмде Жантастың образы ашыла қоймаған еді. Ол — Жанарға таласатын Қожаның жауы. Бұл жолы Жанардың айналасынан бөлек өзінің рөлі бар. Мен де, Жантас та 8-класс оқимыз. Бұл жолғы Жантастың мақсаты — Қожаны жер қылу, — дейді Ильяр.

Ильярға Қожаны жер қылатын сахна ең қиыны болыпты. Қожаның Жанарға жазған хатын тауып алып, оны бүкіл класқа оқып береді.

Сол сахнада актерлық ойын мен мәтін қатар жүрді. Бұл Жантас образының шешуші сәті еді. Сол сахнадан кейін Жантастың нағыз бет-бейнесі көрінеді. Образға ену қиын болды. Дегенмен фильмде бір сахнаны ұзақ түсірген кезіміз аз. Ең көп дегеніміз жеті дубль болды. Ол — Жанармен ұрсысатын сахнам, — дейді актер.

Жантас — Ильяр Егінбай
Жантас — Ильяр Егінбай. Фото: Нұрназар Әмзе

Фильм Саты, Жалаңаш, Ұзынағаш ауылдарында бір айдан аса уақыт түсірілген. Балалар сахнасы жоқ күні де Алматыға қайтпайтын. Өйткені образдан шығып кетуі мүмкін.

Бес күн бойы сахнамыз болмайтын кездер болды. Басында сахнамды күтуге тағатым жетпейтін. Кейін мұндай үзіліс рөлге енуіме көмектесетінін, сонысымен де түсірілім қызық екенін түсіндім. Ендігі арманым — Сұлтанды сомдау.

Ильяр бұрын көрермен жағымсыз рөл ойнайтын актерды аса ұната қоймағанын біледі екен. Дегенмен бұған қайғыра қоймайды. Себебі жағымсыз рөлді көрерменге жеккөрінішті еткен актер — рөлін алып шыққан адам дейді.

Қожа. Жаңа саяхат. Айқын, Ильяр
Фото: Нұрназар Әмзе
Қожа. Жаңа саяхат
Фото: Нұрназар Әмзе
Қожа. Жаңа саяхат
Фото: Нұрназар Әмзе
"Қожа, Жаңа саяхат"
Фото: menin_atym_qoja_official
Қожа, Рахманов ағай және Жантас
Қожа, Рахманов ағай және Жантас. Фото: menin_atym_qoja_official