Алматы мен оның төңірегіндегі бірқатар нысанға қатысты аңыз бен қорқынышты әңгіме көп айтылады. Бір кездері қорым болған 28 гвардияшы-панфиловшы атындағы саябақтың өзі жөнінде ел аузында қаншама қауесет бар. Осындай орындарды түнде аралап, қауесеттің рас-өтірігін анықтауға тырысатын сталкерлердің бірнеше қозғалысы жұмыс істейді. 

Белгілі блогер, IT-маман, жазушы Садық Шерімбек сондай мистикалық орындар мен оларға қатысты аңыздар жайында өз көзқарасын білдірді.

Алматы-Қапшағай тас жолы

Алматы мен Қапшағай арасындағы тас жолында көлік апаты жиі болып тұрады. Тәжірибелі жүргізушілердің өзі апатқа ұшырап жатады. Көпшіліктің айтуынша, кезінде тас жол зираттың үстіне төселген-міс. Сонымен қатар түн кезінде жол бойында қол бұлғап тұрған қыздың бейнесін көрдік дейтін адамдар да көп. Ырымшыл жүргізушілер бұл жол бойында көліктеріне бейтаныс адам отырғызбауға тырысады.

Алматы мен Қапшағай тас жолы
Алматы мен Қапшағай тас жолы. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Садық Шерімбек:

Мұндай әңгімеге мүлдем сенбеймін және келіспеймін. Себебі, Қапшағайға әр жыл сайын барып тұрамыз. Осы жазда  да достарыммен бірнеше рет бардым. Алайда тас жолдан ешқандай тылсым дүниені байқамадым. Сағат 12.00-де жолға шығып, сағат 03.00 шамаларында келіп жүрген кездер де болды. Егер расымен елес болса, көзге бір рет болса да көрінетін еді. Мұндай әңгіме — бір адамның жағымсыз ойлауынан туындаған дүние.

«Медеу» мұзайдыны маңындағы бос үй

«Медеу» мұзайдынының маңынан қаңырап тұрған бос үйді барлығымыз да көрген болармыз? Халықтың айтуынша, бастапқы жоспарға сәйкес6 бұл үй мейрамхана кешені ретінде салынуы керек болған. Құрылыс жұмысына араласқан адамдардың айтуынша, жұмыс істеуге бір тылсым күш мүмкіндік бермеген. Әсіресе, түнгі уақытта ғимарат ішінен шыққан дыбыс адамның мазасын алатын көрінеді. Сыбыс таратқандардың бірі «бұл үйдің иесін және оның отбасын біреулер өлтірген, сол себепті олардың жаны тыныштық таппай, осы жерде жаны кезіп жүретін көрінеді» десе, енді бірі «бұрындары бұл жерде зират болған» деседі. Сондықтан көпшілік бұл маңға жоламауға тырысады.

Медеу. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Садық Шерімбек:

Менің ойымша, елес кез келген қараусыз, бос қалған ҒИМАРАТТАРДА болады. Қаңырап қалған бұл үйде де елестің болуы мүмкін. Әртүрлі дыбыс естіліп, адамның мазасын қашырады, бірақ кісіге тиіседі деп ойламаймын.

Ұлы Отан соғысы ардагерлері госпиталі ғимараты

1940 жылдың аяғында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектерге арнап госпиталь салынған. Кейіннен бұл ғимаратта Ауғанстан ардагерлері де ем қабылдаған. Жер сілкінісі кезінде шатыры құлаған госпиталь жарамсыз болып, қаңырап қалған. Госпиталь ішінде қалған заттарға қарасаңыз, адамдар бір нәрседен қашқандай, ғимараттан асығыс көшіп кеткен сияқты. Сол себепті сталкерлер «медицина нысанының қаңырап қалуына өзге бір тылсым жайт та әсер еткен» деген әңгіме айтады.

ҰОС ардагерлері госпиталі. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Садық Шерімбек:

Бұл ғимарат XX ғасырда салынған. Сондықтан бұл жерде қандай да бір тылсым күш бар десе, сенетін едім. Мұндай ғимараттың ішіне жүрек жұтқан адам кірмесе, көп адамның батылы бармайды. Алайда мұндай жерге кірерде абай болу қажет. Себебі жындар көбіне лас орындарда жүреді. Жындар ойдан шығарылған қиял емес, олар адамға зиянын тигізуі мүмкін. Кішкентай күнімізде әжелеріміз де бос ғимаратқа кірмеңдер, түнде далаға шықпаңдар деп бекер айтпаған.

«Қазақстан» кинотеатры

Кинотеатрдың астында бұрын адамдар кіріп-шыға беретін жерасты жолы болған деседі. Сталкерлер мұнда құрылыс кезінде қайтыс болған адамдардың елесі жүреді дейді. Кинотеатрда жұмыс істейтін қызметкерлер төменнен адамның жүрген дыбысын жиі естіпті-міс. Түнгі кезекшілікке қалған күзетшілер кинотеатр ішінен орындықта отырған адамдардың елесін де көріпті.

Садық Шерімбек:

Бұл ғимараттың да салынғанына бірнеше жыл болған. Сол себепті елестің болуы мүмкін. Бұл жөніндегі алыпқашпа әңгімелерге сенемін.

28 гвардияшы-панфиловшы саябағы

Алматылықтардың негізгі демалыс орындарының біріне қатысты да мистикамен байланысты әңгімелер жиі айтылады. Тарихи дерек бойынша Верныйдың іргесі қаланып жатқан тұста бұл жерде станица зираты болған. Кейін молаларды сел шайып кеткен. Дегенмен Вознесение соборы маңында бірнеше мола қалған. Ертеде көне шіркеулер жерасты жолымен бірге салынатын болған. Сейсмикалық ахуалы тұрақсыз өңірлерде мұндай қуыстарға жер сілкінісінен хабар беретін қоңырау немесе баған орнатылады. Демек, саябақ аумағында сондай құпия қуыс сақталуы мүмкін. Бүгінде парк аумағында жердің астынан қоңырау үнін естігендер бар. Қазіргі музыка аспаптары мұражайы да көне дәуірдегі діни ғимараттар ансамблінен — бұл ғимаратқа қатысты да ақиқаты мен аңызы аралас әңгіме көп. «Төңіректен елес көрдік» деп қорыққандар болған.

Фото: inform.kz

Блогер Садық Шерімбек бұл саябаққа қатысты да өз ойын айтты. Оның айтуынша, барлық топшылау адамның жақсы не жаман ойлауынан туындайды:

Кез келген жерді қасиетті не қасиетсіз жерге айналдыру өз қолымызда. Көп жағдайда мистикалық орындар адамның фантастикалық ойынан пайда болады. Барлық адам қандай да бір  мекеннен не ағаштан қорқа бастаса, ол жер бірден қорқынышты жерге айналады. Адамдардың жағымсыз энергиясы сол жерге жинала береді. Тіпті, сол ағаштың, мекеннің қорқынышты екенін білмейтін адам сол жерден жағымсыз энергияны сезінеді. Мұндай тылсым дүниелерді жанымызға жақын қабылдамаған жөн. Адам қалай ойласа, солай болады. Шынымен қорқып, сол мекенде елес бар екеніне сеніп барсаңыз, ойлаған нәрсеңіз көзіңізге көрінетіні рас. Себебі, сіз өз-өзіңізді сол нәрсеге дайындап бардыңыз. Есесіне нәтижесін де көресіз. Адамдар барып-келіп жатқан қасиетті жерлер де адамның ойынан туындаған. Себебі барса, расымен жақсы нәрсе болатынына сенеді.

Ал сіз Алматыдағы түрлі қорқынышты әңгімеге арқау болған нысандар туралы және өз қалаңыздағы тылсым орындар туралы не ойлайсыз?