Жүргізушілер жол ережесін бұзғаны жайлы поштасынан біле алады

Жиын барысында ҚР ішкі істер министрі Қалмұxанбет Қасымов жүргізушілердің ереже бұзғаны туралы ақпарат пошталарына жіберілетіндігі жайлы мәлімдеді. Сондай-ақ ол жол қозғалысын қадағалау мақсатында заңнамамен қатар ұйымдастырушылық шаралар қолға алынғанын атап өтті.

“Жыл басынан бері жүргізушілерді негізсіз тоқтату мен жол қозғалысы ережелерінің орындалуын бақылау үшін автопатрульге көштік. Егер бұрын автопатрульде полицияның он үш мың қызметкері болса, қазір олардың саны үш мыңнан аспайды. Олардың жұмысы профилактика мен өрескел заң бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған. Патрульдік көліктердің барлығы бейнетіркегіштермен жабдықталса, ал полицейлер видеожетонмен қамтамасыз етілді. Бұған қоса біз осы жылдан бастап ескі қол радарларынан бас тартамыз. Оның орнына автоматты радарлар сатып алынып жатыр. Ол заң бұзушылықты полиейдің көмегінсіз анықтап, өңдейді. Ал заң бұзушылық туралы ақпарат жүргізушіге пошта арқылы келеді. Яғни, заң бұзушылықты тіркеудің стационарлық автоматты жүйелері сияқты жұмыс істейді. Бүгінде бұл жүйенің тиімділігін біз көріп отырмыз”, — дейді Қалмұxанбет Қасымов.

Оның айтуы бойынша, республика жолдрында бір жарым мыңнан астам стационарлық жүйе орнтылған. Өткен жылы соның көмегімен 900 мың заң бұзушылық анықталған. Ал бюджетке 5 млрд теңге өндірілді.

“Осылайша біз жол қозғалысын полицейдің көмегінсіз бақылауға көшеміз. Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау облыстарында оң динамика байқалады. Қазіргі таңда бұл аймақтарда әкімдіктер мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында заң бұзушылықты тіркеудің автоматты жүйесін орнату мәселесін пысықтап жатыр.Бұл жүйелер жеке инвестиция есебінен орнатылып, кейін бюджет қаражаты есебінен қызмет көрсетіледі”, — деді ведомство басшысы.

 

ДереккөзBaq.kz