Ақмола облысының әкiмi Мәлiк Мырзалин өңір спортшыларын марапаттады

Біріншісі — 29-шы қаңтардан 8-ші ақпан аралығында Алматы қаласында өткен 28-ші дүниежүзілік қысқы универсиада және Жапонияның Саппоро қаласында өткен Азия ойындары. Оған ақмолалықтар спортшылар да өз үлестерін қосты. Халықаралық сайыста жоғары нәтиже көрсеткен жерлестерімізді облыс әкімі құттықтады.

Мәлiк Мырзалин

Жыл басында елімізде өткен ауқымды спорттық сайыс – Универсиада ойындарында Қазақстан спортшылары 11 алтын, 8 күміс және 16 қолаға ие болды. Оған ақмолалық спорт шеберлерінің де қосқан үлесі зор. Жалпы, универсиада ойындарына Ақмола облысының атынан 17 спортшы қатысқан. Жалпы есепте олар үздіктердің қатарынан көрініп, 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль иеленді.

«…Екі жыл бұрын мен Словенияда 27-ші қысқы универсиадада биатлоннан бірінші орын алдым. Биыл да сол мәртебемді қорғадым. Сол арақашықтықта, яғни 15 шақырымға жүгіруден жеңіске жеттім. Өсіп келе жатқан жастарға айтарым, спортпен айналысыңыздар. Біз сіздерге үлгі болуға тырысамыз…», — деді кездесуде сөз алған Алматыда өткен 28-ші дүниежүзілік қысқы универсиаданың алтын медаль иегері Алина Райкова.

28-ші дүниежүзілік қысқы универсиаданың күміс медаль иегері Роман Ерёмин болса, жасалып жатқан қолдауға алғыс білдірді.

Роман Ерёмин:

«…Біздің облыста спортшыларға әрдайым қолдау көрсетуге тырысады. Олардың сенімін ақтауға тырысамыз. Бұдан да ірі жарыстарда еліміздің абыройын қорғап, жеңістерге жете береміз деп ойлаймын…»

Екінші қысқы ірі спорттық сайыс – Жапонияның Саппоро қаласында өткен Азия ойындарында да жерлестеріміз табысты өнер көрсетті. Қазақстан құрама командасының қатарына 15 ақмолалық спортшы, яғни шаңғышылар, хоккейшілер мен биатлоншылар кірді. Олар жарыс қорытындысы бойынша, 4 күміс, 2 қола иеленген. Жеңімпаздардың барлығына қаржылай сертификаттар табысталды.

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин спортшыларды құттықтап, кездесуді қорытындылады. «…Жыл басында спортшылар үшін екі ірі спорттық сайыс өтті. Оған Ақмола облысының спортшылары да белсене қатысты. Сайыстардың барлығында да жеңістерге қол жеткізді. Ақмолалық шаңғышылар мен биатлошылар спорттық жарыстарда тұрақты түрде жақсы нәтижелерді көрсетіп жүр. Біз сіздермен мақтанамыз…» — деді өңір басшысы.

Жерлес спортшылар енді алдымызда өтетін Олимпиада ойындарына дайындалатын болады. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин оларға әрдайым қолдау көрсетілетінін, сондай-ақ, алдағы уақытта спорттық кешендерді салуға баса назар аударылатынын атап өтті.