Бір адамның ғана емес, бүтін халықтың жазылмай келе жатқан жан жарасы болады. Жараның аузы бір буыннан кейін бітпейді. Ұрпақтан ұрпаққа берілетін мұндай травманы трансгенерациялық травма дейді. Қазақ халқының бойында ашаршылық, соғыс жылдарынан, коммунизмге өту кезеңінен осындай травмалар қалып қойған. Бұл туралы тарихшы, Terek story жобасының авторы Гүлназ Төленова айтып берді.
Трансгенерациялық травманы генетиктер, психологтар, әлеуметтанушылар, тарихшылар және тағы басқа көптеген маман зерттейді. Бұл — бір Қазақстанға емес, бүкіл әлемге ортақ сала. Мысалы, әлем халқында Бірінші дүниежүзілік соғыс, Екінші дүниежүзілік соғыс сияқты оқиғалардан, лаңкестер шабуылынан ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жатқан травма қалған.
Трансгенерациялық травмаларды көбіне кімдер қалдырады?
Гүлназ Төленованың айтуынша, әдетте халыққа трансгенерациялық травма қалдыратындар — отарлаушы елдер. Алпауыт империялар отарлап жатқан халыққа травма салып жатқанын білуі де, білмеуі де мүмкін. Тілін жоямыз деп әрекет етеді немесе сол мемлекетті қандай да бір ресурс ретінде қолданады.
Қазақ тарихында бізге үлкен травма қалдырған — Ресей патшалығы. Елді жаулап алу ұзақ уақытқа созылып, ақыры 19 ғасыр соңында бүкіл қазақ жері Ресей патшалығының қарамағына өткен. Державаның құрамында жүріп, травма салған кезеңдерден өттік. Әсіресе, патшалық құлаған сәт пен коммунизмге өткен кезең халқымызға қатты әсер етті. Сөйтіп ашаршылық жылдары болды. Екінші дүниежүзілік соғысты да қосыңыз. Дегенмен адам кез келген оқиғадан травма алуы да, алмауы да мүмкін, — дейді тарихшы.
Гүлназ Төленова мұны былай түсіндірді. Травманы қабылдаған адам оны бойына өткізіп қана қоймай, ұрпағына жеткізеді. Әрине, мұның бәрі бейсаналы түрда, яғни адамның өзі білмей болатын құбылыс. Көбіне жастар мен ішкі тірегі мықты адамдар травманы өмірде болған оқиға деп қана қарауы мүмкін. «Иә, өмірде сондай жағдай болды, одан да өттік» деп қоя салады. Ал ішкі ресурсы аз адамдар кенет салынған травмаға төтеп бере алмай, бойына сіңіріп алады.
Демек, травма алу әуелі адамның сол кезде ішкі ресурсы қаншалық екеніне байланысты. Екіншіден, сол кезеңде адамның психологиялық күйі қандай болғанын қараймыз. Үшіншіден, халық басына күн туғанда адамның отбасы, ауылы, қоғам проблеманы қалай қабылдағанына мән береміз. Олар проблемадан жаппай шығуға тырысты ма, әлде бәрі соған тұншықты ма? Бұл үлкен рөл ойнайды.
Төртіншіден, адам тұрақты түрде рухани азық алып отырмаса, травманың түсуіне қарсы тұра алмауы мүмкін. Мысалы, Ресейдің қол астында болғанымызда дін ұстануға тыйым салынды. Намаз оқу сияқты діни парыз — біреулер үшін көзге көрінбейтін рухани азық. Кеңес үкіметі сондай адамдардың рухани азықтануына мүмкіндік бермей қойды. Содан адамдар отарланушы ел азаматы ретінде іштей сынып кетті.
Санада уақыт деген ұғым бар, ал бейсанада ондай ұғым жоқ. Содан оқиғаның өткеніне талай жыл болса да, ол қазір болып жатқандай әсер етеді. Травма өзінен-өзі жазылып кетпейді. Бұдан шығу үшін оқиға жайлы айту керек, қоғам оны талқылауға тиіс, қабылдауы қажет. Сосын жаңаруға ұмтылғаны дұрыс. Бұлай болмаса, әркім өзі біліп-білмей батпаққа батып жүре береді, — дейді Гүлназ.
Дегенмен трансгенерациялық травма көптеген психологиялық травма сияқты адам үйінде агрессия көрсету арқылы, біреудің жанын ауыртатын сөздер айту арқылы, жұртпен қырғи-қабақ болып жүру арқылы шығады.
Сөз бен ой адамның ДНК-сын өзгертеді
Тағы бір айта кетерлігі, халық басына күн туған кезді кейінгі ұрпағына қалай баяндайтыны да маңызды.
Бір мысал айтайын. Жалпы қоғамда Желтоқсан оқиғасына қатысты позитив нарратив бар. Еліміз бұл оқиғаға халық екенімізді дәлелдеген жағдай деп баға береді. Оқиғаға қатысқан кісілердің балалары әке-шешесін мақтан тұтады. Өйткені әке-шешесінің өзі сол көтерілісте бұғып қалмай, алаңға шыққанына риза. Тіпті, оқиғадан травма алса да, өзін зерттеп, емдей алған адамдар. Ал тағы бір топ оқиғаны өте ауыр қабылдаған. Олар бала-шағасына көтеріліс жайлы я айтпай қояды, айтса да қорқынышты етіп баяндайды. Ол кісілердің сезімі орынды. Генетиктер сөз бен ой адамның ДНК-сын өзгертеді дейді, — дейді тарихшы.
Трансгенерациялық травма дегенде көбіне Холокосты — Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистер мен олардың одақтастарының алты миллион еврейді жүйелі түрде қырғаны айтылады.
Нейробиолог, генетик Рейчал Йехуда деген ғалым Холокосқа қатысқан адамдардың ұрпағын зерттеген. Ол мынадай тұжырым жасаған: Холокосқа қатысқан адамдардың ұрпағында стреске бейім болатын ДНК бар. Демек, адам өзін стреске салып тұрады, стресс болуға бір иығын беріп тұрады. Міне, бұл — трансгенерациялық травма.
Мәселен, соғысқа қатысқан адамдар гендік деңгейде туыстарынан, әріптестер арасынан ылғи жау іздеп отыруы мүмкін. Оны өздері де байқап, білмеуі мүмкін. Бұл травма жазылмағаннан болады, одан бұрын анықталмағаннан болады. Травманы тауып, емдеу үшін көп уақыт пен көп еңбек керек, — дейді тарихшы.
Тойға шашылу нені білдіреді?
Гүлназ Төленованың Назарбаев университетіндегі профессоры Памир тауларындағы халықты зерттеген. Гүлназ профессордың ассистенті болып жүрген. Бұрынғы этнографиялық жазбаларды ақтарған. Памир тауларындағы халық көшпелі ел болыпты. Шетел ғалымдары сол халыққа барғанда адамдар көбіне ұн тағамдарын, ет сияқты санаулы ас жейтінін жазып кеткен. Қазақтың ата-бабасы да — көшпелі халық.
Тарихшының айтуынша, көшпелі халықтардың (тек қазақ халқы емес) дастарханы аса мол бола қоймаған. Өйткені олардың әспеттеп, әсемдеп дастархан жайып отыруға уақыты аз. Мал жайғауы керек, қоныс аударатын жер іздеуі қажет және тағы басқа. Тамақты жылдам ішіп алып, шаруаға кірісіп кетеді.
Сондықтан көшпелі халыққа тойға дайындалу, тойға барын шашу қалыпты. Той иесінің дастарханға барын қоюы ғана емес, келген қонақтардың сарқытты толтырып алып кететінін де байқаймыз. Бұған енді ашаршылық жылдарын кінәлауға болады. Өйткені ашаршылықты бастан өткерген ата-бабамыз енді қашан тамақ ішетінін білмеген. Бәрін бүгін, қазір тауысып кетуі керек болған, — дейді тарихшы.
Трансгенерациялық травмалардан қалай емделеміз?
Психологиялық травмадан емделу үшін бас-басына психолог жетпейді. Жеткен күнде де, оған жаппай бара салу мүмкін емес. Олай болса, ұрпақтан ұрпаққа өтіп жүрген травмаларды қалай емдейміз?
Трансгенерациялық травманы елдік, қоғамдық деңгейде шешетін жолдардың бірі — бір-бірімізге қауіпсіз сезінуге мүмкіндік беру. «Мен саған қиянат жасамаймын, іркілмей, ішіңдегіні айта бер» дегенді қандай да бір жолмен жеткізу керек. Бізге кішкене эмпат болған дұрыс. Түрлі травма біздің бойымызда консервіленген банка сияқты жатыр. Мысалы, 90 жылдардағы тоқырау кезінде балалар ерте есюіне тура келді. Қазір психологтың есігін қағатындардың көбі де — сол жылы туғандар. Әлгі консервіленген банкаларды ашып, жібіту керек. Тас болып қата берсе, трансгенерациялық травма жазылмайды әрі отбасының дамуына кері әсер етуі мүмкін, — дейді маман.
Бұл үшін тарихымыз туралы деректі фильмдер шыға бергені жөн. Трансгенерациялық травмалар тарих туралы өнер, оның ішінде көркемөнер, музыка, фильм арқылы шығады. Әңгіме қылып жазған дұрыс, болмаса айтып тастау керек. Тарихыңды сөзбен сөйлететін сондай жоба бар. Бұл — Terek story.
Terek story – беймәлім тарих беттеріне үңілетін естеліктер топтамасы
Terek story жобасы 2023 жылғы мамыр айында іске қосылған. Жетекшісі – Гүлназ Төленованың өзі. Тарихшы зерттеуші ретіндегі тақырыбым – трансгенерациялық травма, соны анықтау дейді. Бұл миссиясына жоба да үлес қосып жатыр. Terek story адам өз отбасын, әулетін зерттеу керек деген қағиданы ұстанады. «Ата-әжемнің әңгімесі – менің тарихым» дейді.
Әуелде жобаның басы-қасында бірнеше адам болған. Бейресми серіктес ретінде басталған. Aul.Inspired деген әлеуметтік жоба бар. Харвард университетінің түлектері ауылға барып, балаларға ағылшын тілін үйретеді. «Саяси шешімдер орталығы деген» тағы бір әлеуметтік жоба бар. Осы жобалармен бірігіп Terek story-дың пилот жобасы басталған.
Негізі жобаның нағыз бастамашысы — Іңкәр Бақытнұр деген құрбым. Өзі қандастарға қатысты «Із» деген жоба жасаған. Екеуіміз Terek story-дың идеясын, философиясын жазып шықтық. Былтыр бірге АҚШ елшілгінің грантын ұтып алдық. Сосын команда жиып, бастап кеттік, — дейді тарихшы.
Жобаның пилот кезеңі 2023 жылғы мамырдан тамызға дейін созылған. Содан кейін Іңкәр мансабына көңіл бөлетін болып, жобадан шығуына тура келген.
Аутсорста екі редакторым бар. Алған сұхбаттарымды сол мамандарға жіберіп отырамын. Әзірше бірнеше грантқа тапсырып қойдық. Әуелі өзінің немесе отбасының тарихын айтқысы келетін адам іздейміз. Сосын одан сұхбат алып, жазып, адамның өзіне оқытып аламыз. Содан кейін жариялауға келісім беретіні туралы құжатқа қол қойдырамыз. Қазір көбіне Көкшетау, Петропавл, Павлодар облыстары тұрғындарының әңгімесі шығып жүр, — дейді жоба авторы.
Гүлназ болашақта әр облыстан, әр өлкеден әңгіменің барынша көп жиналғанын қалайды. Жобаның пилот кезеңінде 15 облыстан 26 әңгіме алынған. Ал қазір жоба бойынша 45-тей әңгіме жарияланып отыр.
«Адамдар қоғам болып әңгімесін жария етуден тартынады»
Жоба бойынша отбасы, әулет тарихын айтып беретін адам табу әуелде қиын болған. Әлеуметтану саласында snowballing деген термин бар. Бір адамға қар лақтырсаң, қар әрі қарай басқа адамдарды да алып домалай береді. Бұл жобада осы әдіс қолданылыпты.
Сөйтіп, танысымның танысы бір-бірінен естіп, әңгіме айтып, жазып беріп жатты. Менің анам да екі әңгіме жазып берген, мысалы. Кейде бір адамды көріп, сәлден соң-ақ сұхбат алуды ұсынамын. Бір жолы Астанадан Алматыға ұшатын болдым. Әрі қарай Үндістанға ұшуым керек. Бортта жанымда бір әжей отырды. Әңгімешіл екен. Тұрған жерде «сізден сұхбат алайыншы» деп келістім. Әңгімесін диктофонға басайын десем, телефоным өшіп қалыпты. Сосын әженің телефонына басып, өзіме жіберіп алдым. Сөйтіп, ол әңгімені Үндістанда саяхатта жүріп жаздым. Ол кезде жобаның тұсауын кеспегенбіз де, — дейді Гүлназ.
Дегенмен жобаға сұхбат айтып беретін адам табу өте қиын. Кейбір адам әңгіме айтуға келісіп тұрып, «ал енді диктофон қосайын» дегенде айнып қалатыны бар екен. Тіпті, әңгімесін айтып, енді соны жариялайтын сәтте рұқсат бермей қоятын сұхбат берушілер де табылады. Аты-жөнін өзгертіп шығаруға да е мақұл, е жоқ демейтіні және бар. Ондайда, әрине, бүкіл жұмыс зая.
Меніңше, адамдар қоғам болып әңгімесін жария етуден тартынады. Әңгімесін құнсыздандырады. Әулетімнің сыры ашылып қалады деп қорқатындар да бар. Онысын бетке айтпаса да, сезіліп тұрады. Сұхбат берген кісілер соңында «жаным жеңілдеп қалды ғой» деп рақмет айтады. Мұндай әңгімені терапия деп те қабылдау керек, — дейді жоба авторы.
Instagram желісінде қолданушылар өз тарихын пост етіп жазып, #Terekstorу хештэгін белгілесе, сол әңгіме жоба парақшасының highlight сторисіне шығады. Болмаса, жоба аккаунтының дайркетіне әңгімеңді жазып жіберуге болады.
Гүлназ Төленова жобаға сұхбат берген адамдардың әңгімесінен трансгенерациялық травмалардың көбі ашаршылық пен соғысқа қатысты екенін байқаған. Соғыс кезіндегі және соғыстан кейінгі оқиғалар бәрібір қозғалады екен.
Жобаға грант аларда ата-әжелерден ғана сұхбат аламыз деп келіскенбіз. Бірақ әңгіме айтуға келісе беретін қария табу қиындаған соң, ата-әженің қолында өскен жастардың да әңгімесін қабылдаймыз деп шештік. Олар ата-әжелері жайлы «олар мені өзінше, қолынан келгеніне қарай жақсы көрді» дейтін. Меніңше, бұлай деп айтатындар – қандай да бір терапиядан өтіп, ата-әжесін сол қалпында қабылдағандар, — дейді Гүлназ.
Жоба авторы Жамал деген ападан сұхбат алған екен. Ол кісі өзінің енесінің әңгімесін айтып беріпті.
Енесі күйеуін соғысқа аттандырыпты. Өзінің аяғы ауыр, сөйтсе де тылда еңбек етіп жүрген. Тылда айы-күні жеткенше жүріп, тіпті баласын егін басында босанған. Сонда кішігірім шатыр тігіп, ұлын сол шатырдың ішінде өсірген. Өзі мұнда егіннің шаруаларын істеп жүрген. Жамал апа мен күйеуі бертінге дейін мал ұстаған. Өйткені ылғи еңбек етіп, қиналып тіршілік ету керек деген ой сіңіп кеткен. Жамал апа келе-келе ақшаны қара жұмыспен емес, жеңілірек еңбекпен де табуға болатынын түсінген сияқты, — дейді Гүлназ.
Жамал апа тікелей ұрпақ болмағандықтан, сол әулеттің балаларында бұл травма қалай жалғасып жатқаны белгісіз.
Гүлназ бір кейіпкерді ашу үшін, трнсгенерациялық травмасын анықтау үшін одан бірнеше рет сұхбат алу керек дейді. Болашақта жоба командасы үлкейгенде сол күнге де жетерміз деп отыр.
Жетінші ата-әжеге дейін генограмма картасын жасап алуға болады
Адам өзін ата-анасының, ата-әжесінің тарихы арқылы танып-біле алады. Алайда бұл зерттеу мейлінше жағымды болуға тиіс.
Бір әжемен сұхбаттасып отырып «Балалық шағыңыздың дәмі не?» деп сұрадым. Қант деді. О кісінің заманында қант қат болған әрі тәттіні жеп тістері құрттаған. Содан бәрі одан қантты тығып жүреді екен. Әже «сол қоңыр қанттың дәмі тілімнен кетпейді» деген еді, — дейді Гүлназ.
Оның айтуынша, әр адам шама келсе, жетінші ата-әжесіне дейін зерттеуі керек. Олар қандай қызмет еткенін, нені ұнатып, нені жақтырмағанын, қай істі жақсы көргенін, әдеттерін, мінезін шамасы келгенше біліп алғаны дұрыс.
Қазір өзімізді сырттан іздеп жүрміз. Өзіңді тану үшін үйдегілермен, туыстармен сөйлесу керек. Ата-анамызбен, ата-әжемізбен әңгімелесіп, олардың өзі туралы сұрап, одан қала берді арғы ата-әжелеріміз жайлы білген дұрыс. Өйткені біз – солардың кішкентай-кішкентай бөлшегіміз. Сөйтіп, туыстық қатынастар туралы генограмма картасын құрастырып алуға болады, — деп кеңес берді тарихшы.
Гүлназ үш атасына дейін генограмма картасын жасаған екен.
Әкемнің әкесі соғысқа қатысқан. Анамның атасы да соғысып қайтқан. Екеуі де майданнан аман оралған. Содан кейін анам жақтағылардың да, әкем жақтағылардың да көбі мұғалім болған. Ал қазір менің өзім мұғаліммін. Мұғалім болам деп ойламаппын. Демек, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мамандықты бәрібір аттап кете алмағам. Сөйтіп, генограмма картасын жасай отырып, түбінде қалай ұстаз болғанымды түсіндім, — дейді өзі.
Гүлназ кейде мінезі қаталданып кететінін, ал кейде жымиып отырып-ақ дегенін болғызатын әдетін байқаған. Сөйтсе, мінезінің қатал тұсы атасына, ал жұмсақ, сөйте тұра айтқанын істете алатыны әжесіне тартыпты.
Генограммаға әке-шешенің, ата-әженің бауырларын да қосып қоюға болады. Олардың тікелей ұрпағы болмасаңыз да, жақын туыссыздар.
***
Тағы оқыңыз:
Репрессия мен аштық ұлт санасына қандай жара қалдырды? Әлеуметтанушы мен психолог жауабы