1986 жылы желтоқсанда Алматыда жастардың жаппай көтерілісі өтті. 37 жыл бұрын не болғанын, адамдардың алаңға не үшін шыққанын және бәрі қалай аяқталғанын желтоқсаншылар Гүлбараш Жәкішева мен Дина Абдулина айтып берді.

— Амансың ба, қарағым. Бүгін күн тура 37 жыл бұрынғы 16 желтоқсандағыдай аяз болып тұр. Аяздың иісі де тура сол күнгідей, — дейді бізді Николь базарына қарама-қарсы тұрған ғимараттан күтіп алған Гүлбараш Жәкішева.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Гүлбараш Жәкішева мен Дина Абдулина бүгін 1983-89 жылдары бірге тұрған жатақхана алдында кездесті. Бұл ғимарат кезінде ҚазҰУ-дың Химия факультетінің жатақханасы болған. Қазір хостелге айналыпты.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Былай қарағанда, еш айырмашылық жоқ қой. Бұл жерде бұрын да студенттер тұрды, қазір де солар тұратын болса керек. Тек қазіргілер біршама ақы төлеуі керек екен. Гүлбараш екеуіміз үшінші қабаттың, анау тұрған сол жақтан санағандағы үшінші терезесінде тұратынбыз. Алты жыл бірге тұрдық, бір нанды бөліп жедік, — дейді Дина апай.

Гүлбараш апай «қоюын мен, сұйығын Гүлбараш жеді» деп те айтсаңшы деп қалжыңдады. Осыдан соң естелікке ғимарат алдында суретке де түсіп алды. Фотографтың ақ-қара етіп түсіргенін көріп, «Тура жас кезіміздегідей, ә» деп жымиып қойды. Екеуі де қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқыған.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Гүлбараш Жәкішева және Дина Абдулина. Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Олардың дәл бүгін, дәл осы ғимарат алдында кездесуі бекер емес. Терезеге де бекер назар аударған жоқ.

1986 жылы дәл сол терезеден алаңға бара жатқан бір топ жасты көріп, біз де барамыз деп шештік қой. Сол жылғы 16 желтоқсан есімнен кетпейді. Таңертең аналитикалық химия пәнінен лекциямыз, артынша практикамыз болуы керек еді. Сол сабаққа кітап керек болды, ол кітап тек жоғары курстарда бар. Сосын сабаққа дайындалу үшін жоғары курстардан кітап сұрауға барғанда ертең бейбіт шеру болатынын естідік. Дина екеуіміз топ белсенділері болған соң, қыздарды ұйымдастырып көріңдер деді.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Ол кезде ұйымдасу деген де жеңіл еді. Сөйтіп біз түгел тобымызбен шығатын болдық. Әйтеуір, ертесі терезеден қарап тұрсақ, «Химфак, шығыңдар» деп келе жатқан бір топ жасты көрдік. Осы Бөгенбай батыр-Байтұрсынов қиылысынан Сәтбаев көшесіне дейін әндетіп бардық. Жолдан әр қиылыстан көп жас қосылып отырды. Сельхоз институты (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті — ред.) маңынан өтіп бара жатқанда, жігіттер екінші қабаттың терезесінен секіріп те қосылып жатты. Сөйтсек, басшылық әлдеқашан есіктерін жауып тастаған екен. Ал ҚызПИ студенттерін жібермей отырды. Жолдан Каспий университеті қосылды. Алаңға барсақ, адам толы екен, басқа студенттер әлдеқашан келіп алыпты, — дейді Гүлбараш апай.

1986 жылғы 16 желтоқсанда 1960-жылдардан бастап Қазақ КСР-ін басқарған Дінмұхамед Қонаевтың орнына Геннадий Колбин мемлекет басшысы болып тағайындалды. Бұған дейін ол Ресейдегі Ульяновск облыстық комитетін басқарды.

1986 жылы 11 желтоқсанда Қонаевтың қатысуынсыз КОКП ОК Саяси Бюросының отырысы өтіп, оны зейнетке жіберу туралы шешім қабылданды. Отставка туралы мәселе 16 желтоқсанда ҚазКСР КП ОК Пленумында шешілді. Пленум небәрі 18 минутқа созылды, осы уақыт ішінде Қонаевты отставкаға жіберіп, оның орнына Колбин тағайындалды. 

Осылай, 1986 жылғы 16 желтоқсан күні тарихтағы ең қысқа пленум болды. Біз дәл сол күнгідей алаңға қарай жылжыдық. Жол бойы әңгімеміз де жалғаса берді.

Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Сол күні Дінмұхамед Қонаев қызметінен алынды деп, орнына сырттан белгісіз бір орыс ұлтының отырғанын жарыса жариялап жатты. Біз алаңға осы жаңалыққа наразы екенімізді білдіру үшін шықтық. Халық наразылығының басты себебінің бірі тағайындауға дейін Колбиннің Қазақстанда тұрмағаны және жұмыс істемегені болды. Алаңға тек студенттер шыққан жоқ. Алматыда зауыт та көп еді. Сол жерлерде істейтін рухты жастар да бірден алаңға тартты, — дейді Дина апай.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Дина Абдулина. Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

17-і күні сағат 10.00-де сол кездегі Брежнев алаңына барсақ, сол кезде-ақ «солдаттар» тізіліп, алаңды қоршап алған екен. Ешкімді не кіргізбейді, не сыртқа шығармайды. Бәріміз жұлқынып, сол қорғанды бұзып, алаңға өттік, — дейді Гүлбараш апай.

Ресми дерек бойынша, басында алаңда жүзден аса адам болған, бірақ біртіндеп адам саны көбейіп, мыңға жетті. 17-18 желтоқсан күндері нақты қанша адам шыққаны әлі белгісіз, бірақ әртүрлі есеп бойынша тек ұсталғандар саны — шамамен 8 500 адам.

Бұл күні бәрі бейбіт мақсатта өтіп жатты. Жастар әндетіп, «Атамекенді», «Менің Қазақстанымды» шырқаумен болды. Бәрі кешке басталды. Жастардың ойында ешқандай жаман ниет болмап еді. Біреуін бұзақы деді, ішкіш деді, кейбірін нашақор, ауру деді. Бәрімізге «ұлтшыл» деп жала жапты. Ал біздікі ұлтжандылық еді. Халықты өзіміздің адамымыз басқарғанын қаладық. Ұлтқа деген махаббатпен шыққан шеруіміздің аяғы ұрып-соғуға, қинауға, түрмеге жабуға, өлтіруге ұласып кетті. Олай болады деп ешбіріміз болжамаған едік. Сол күні жастардың ән айтқанын көрсеңіз ғой, рухыңыз оянып кетеді, — дейді Дина апай.

Осы кезде біз де Республика алаңына (бұрынғы Брежнев алаңы — ред.) келдік. Гүлбараш апай мен Дина апай тура сол күнгідей алаңға қазіргі Желтоқсан көшесімен кіріп келді. Әуелі жақын маңдағы гүл дүкеніне кіріп, гүл сатып алды.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

30 жылдан асты ғой, жыл сайын осы жерге келіп, гүл қойып кетеміз. Бірақ сол кездегі қорлықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кейін шеруімізді алдын ала дайындалған шара деп те айтты. Бірақ дайындалған түгіміз жоқ еді. Алаңға келіп, тапқан қағазымыздың бетіне ерін далабымызбен «Әр елдің өз басшысы болуы керек», «Лениннің идеялары жасасын!» деп сол кезде жазып алдық, — дейді Дина апай гүл қойып болып.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz
желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Ал Гүлбараш апай алаңға қазақ тілінің мәртебесін ойлап та шыққанын айтады.

Гүлбараш Жәкішева. Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Өз басым, ауылдан келген соң, қалада қатты қиналдым. Автобуста, троллейбуста қазақша сөйлесең, кемпірлер «Неге басқа тілде сөйлейсің?» деп ұрысатын. Сонда олардың ойынша, бәріміз орыс тілінде сөйлеуіміз керек болғаны ғой. Өз елімізде жүріп, қазақ тілі басқа тіл болып қалды ғой. Жұмысқа орналасу, басқа қызмет алу бәрі тым қиын болды. Сабақтың бәрі орысша өтетін. Осылардың үстінен қазақша сөйлей алмайтын басшыны тағайындап қойды, — дейді Гүлбараш апай.

Апайлар гүл қойып, «Тәуелсіздік таңы» монументінің алдында сәл кідірген соң, сол күннің естелігіне тағы оралды.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz
"Тәуелсіздік таңы" монументі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Алаңға келіп, талабымызды айтып тұрсақ, мінберге шыққан шенеуніктер орысша сөйлеп, жастарды одан бетер ызаландырды. Тарауымызды, қайтуымызды сұрап, түрлі атақты тұлғалар да шығып жатты. Әбіш Кекілбаев та мінберден орысшалап «Тараңыздар» деді. Жастар жаңағы шенеуніктерге қар атқылай бастады, — дейді Дина апай.

Сол кезде мінбер қазіргі Алматы әкімдігі ғимаратының алдындағы Алмалы ойын-сауық орталығының орнында тұрған екен.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Әкімдік және оның бергі бетіндегі Алмалы ойын-сауық орталығы. Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Сол кезде мына жерде жертөле жасалып қойған екен ғой. Әйтеуір, сол кезде жастардың арасынан мінберге сөйлеуге шыққандардың бәрі бірден көз алдымызда жоқ болып кетіп жатты. Сөйтсек, бәрін сол жертөлеге лақтырып тұрған екен. Оның бәрін енді түсініп жатырмыз ғой, — дейді Гүлбараш апай.

Ал ойын-сауық орталығына қарсы бетте сол кездегі Брежнев алаңы тұр.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Осыдан кейін алаңға қарай жылжыдық. Апайларымыз «Алтын адам» монументіне де гүл қойғысы келетінін айтты.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Кешке қарай алаңға мұз болып қаруланып алған көп «солдат» келіп қалды, қолдарында шоқпар, баяғы батырлардың ұстағаны сияқты темір қорғаныштары бар. Бірден майданға тап болғандай болдық та қалдық. Есеңгіреп қорқып кеттік. Сонда біз небәрі 20 жастамыз, — дейді Гүлбараш.

Наразылықты басу МҚК (КГБ) мен ІІМ «Боран-1986» атты арнайы жедел жоспары бойынша жүргізілді. Мұхтар Шахановтың «Ақиқат пен өтірік» сөзінде бұл туралы былай деп жазылған:

Ол кезде бұл үшін заңнамалық база болмаса да, арнайы құралдарды пайдалану қарастырылған. Әскери прокуратура Желтоқсан оқиғасынан кейін 700-ден астам әскери жауынгерлік патрондарды, сигналдық зымырандарды және басқа да арнайы құралдарды пайдалану фактісі бойынша сауалнама жүргізді. 29 томдық материалдар республика прокуратурасына берілді, онда олар үш жылдан астам уақыт бойы жасырылды. Республика прокуратурасы жасыруға тырысқан материалдардан Комиссия қызметтік иттер мен сапер күректерін қолдану фактілерін анықтаған.

Кенет алаңдағыларға ыстық су шашып, шоқпармен тоқпақтай жөнелгенін көрдік. Сол сәтте бейқам тұрған жастар сасқанынан бір-бірін таппай қалды. Тоңып та қалдық, қарнымыз да аш. Сонда бір «солдат» келіп, «Қайтыңыздар, қашыңыздар, әйтпесе, таңға жетпей өлесіздер» деді. Содан екеуіміз қуыстарды жағалап, жатақханамызға жеттік. Келсек, мұғалімдер, деканға дейін есіктен күтіп алды. Әлдеқашан қара тізімге еніп кеткен екенбіз. «Не істеп жүрсіңдер?», «Неге бардыңдар?» деп сұрақтың астына алды. Ертесіне де алаңға барып жатқандар болды. Сонда бізді тағы қосылып кетпесін деп, «сығалаушы болмаңдар» деп, терезенің бәрін қараңғылап жауып қойды. Дүкенге баратын болсақ та, мұғалімдер қолымыздан ұстап алып, жетектеп апаратын. Университеттің корпусына да сабақ оқу үшін қолымыздан ұстап апарып-әкелетін.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Университетімізге екі апта бойы әнші-бишілер келіп, концерт қойып кететін. Әйтеуір, назарымызды бұрып әкетеміз деп бәрі әлек болды. Сөйтіп жүргенде Жаңа жыл келді. «Әйтеуір, құтылдық» дегенде, керісінше бәрі сол қаңтарда басталды. Күнде түске дейін сабаққа, сабақтан кейін тергеуге барасың. Тергеушілер қайта-қайта бірнәрсені сұрай береді: “Алаңға не үшін бардың?” “Бар деп кім айтты?”. Күнде кешке басың салбырап, әлің қалмай келесің. Сонда сол күні алаңға шықпағандар «Өздеріңе сол керек» дегендей қарайтын. Бізді комсомолдан шығарып тастап, саяси сауатсыздар деп мазақтады, — деп ашына баяндап берді Гүлбараш апай.

Желтоқсан оқиғасы кезінде қаза тапқандар мен зардап шеккендердің нақты саны туралы дерек әлі жоқ. Ресми мәлімет бойынша, наразылық кезінде екі адам қаза болды: көтеріліске қатысқан Ербол Сыпатаев пен сарбаз Сергей Савицкий

Түрлі дерек бойынша, 170-ке жуық адам қайтыс болып, екі мыңға жуығы зардап шеккен болуы мүмкін. 8,5 мың адам ұсталды, 900-ге жуығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 99 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, ал 600-ге жуығы жоғары оқу орындарынан және жұмыстан шығарылды.

20 жастағы Қайрат Рысқұлбеков ең жоғары жаза — өлім жазасына кесілді. Үкімде ол Сергей Савицкиді қасақана өлтірді, тоғыз көлікті өртеуге қатысты делінген. 

Кейін оның жазасы 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Бірақ Қайрат Рысқұлбеков түрмеге жіберу кезінде белгісіз жағдайда қайтыс болды. Ресми нұсқа бойынша, ол өзіне қол жұмсаған. 2015 жылы оны «Цыган» деген лақап аты бар Кузнецов деген қылмыскер өлтіруі мүмкін деген мақала шықты. Қайтыс болғаннан кейін, 1992 жылы Қайрат Рысқұлбеков толық ақталды, ал 1996 жылы оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Партияда болғандар партиядан, оқудан шығып қалды. Сол кезде бір группаласымыз студенттік совет — жазалаушы топтың басшысы болды. Бізге көрсетпегені жоқ. Кейін бір жылдары сол жігіттің Ақтау қаласының әкімі болып тағайындалғанын көріп іштей тындым. Біздің елде тек сондай адамдар әкім болады, — дейді Дина апай.

Дина апай сол жазалаушы топтың жұмысы туралы да толығырақ айтып берді.

1989 жылы оқуды бітіріп кеткенше 1986 жылды еске алуымызға тыйым салды ғой. Қызметте отырғандардың бетіне қарауға тартынатынбыз. Басып тастағаны сонша, кейде өзімізді шынымен қылмыс істеп қойғандай сезініп қалатынбыз. Екі ай бойы прокуратураға қатынауға мәжбүр болдық. Барсақ, алаңда МҚК (КГБ) түсіріп алған 1000 фотоны алдымызға жайып қоятын. Барынша түр бермеуге, танитынымызды білдіріп қоймауға тырысатынбыз. Біз, әйтеуір, фотоға түсіп қалмаппыз. Сөйтіп, құтылдық. Фотоға іліккендер бірден оқудан шығарылды. Орыс тобының қыздары бізге кезеріп тұрып қарайтын. Барынша қорлық көрдік, әйтеуір. Қысқы каникулға үйімізге қайтармай, қара жұмысқа жегіп қойды. Картоп аршуға, жертөледегі шаң-тозаңды сүртуге жіберетін, — дейді Дина апай.

Кеңес үкіметі бастапқыда наразылықты «ұлтшылдылық» деп атады. 1989 жылы ҚазКСР Жоғарғы кеңесі президиумының Желтоқсан оқиғасына байланысты мән-жайды зерттеу жөніндегі комиссиясы құрылды. Жазушы Мұхтар Шаханов төраға болып тағайындалды. Комиссия оқиғаны әділ бағалауды және әділетсіз сотталғандарды ақтауды талап етті. Алайда желтоқсаншыларды ақтау туралы бұйрық тек 1991 жылы шықты.

1991 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1986 жылы алаңға шыққандарды ақтау туралы бұйрығы шыққан екен. Оны біз 30 жыл өткен соң бірақ білдік. Институт бітірген соң мысалы қолымызда комсомол билеті жоқ, «деломызда» «площадьқа» барғанымыз жазылып тұр. Жұмысқа тұрып жатқанда бұрын түрмеге отырып шыққандай «Е, площадьқа барған екенсіңдер ғой» деп мысқылдап тұратын. 1991 жылдан бастап әйтеуір басымызды көтере бастадық. Бірақ өз елімізде құдды қылмыскердей болып, түрлі алалау көріп, алты жыл өтіп кеткен екен, — дейді Гүлбараш апай.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото:Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Сұхбат 13 желтоқсан күні жазылды. Дала борап тұр.

Аяғымнан ызғар өтіп барады. Тура сол күнгідей. Сол күнді суреттеп, түсіндіріп беру мүмкін емес те шығар. Бірақ Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан алаңы» деген өлеңін бар ұрпақтың оқып, жадында сақтағанын қалар едім, — дейді Дина апай.

Сәл аялдап, тағзым етпей бұл алаңнан өтпеңдер…
Желтоқсанда ызғырықтан тітіркеніп көк пен бел,
Бұл жер, қалқам, асқақ рух жарылысы өткен жер,
Қайта оянған ұлт намысы қызыл қанға бөккен жер,

Ерте есейген ару қызды шаштан сүйреп, тепкен жер,
Жатты мұнда естен танып күзге айналған көктемдер…
Алаң шетін қоршап тұрған шыршаларға ала көк,
Жас бүлдіршін, сезіміңді жанар етіп қарап өт.
Сол арадан сатқындық та елестейді қара бет,
Қара беттің көбі бүгін — дара тұлға, дара бет.

Жас бүлдіршін, мұз құрсанған шыршаларға қарап өт,
Заманыңның жеңісі мен жеңілісін санап өт.
Ұлттың бағы жанар ма екен хас тұлпары, нары жоқ,
Ал біреулер намысы жоқ, жігер, қауқар, қары жоқ,
Кемсітпекші «желтоқсанның жалаңаяқтары» деп.
Жоқ!!! Кешегі сын сағатта көкірегінде жанып от,
Тұрған солар аяз сорған қызыл беттің ары боп,
Дәуірінің тауығына шашылмаған тары боп.

Тірліктегі әр ісіңнің жаңғырығы болады
Бұл табиғи жасырын заң өзгеріссіз қалады,
Сол заңға сай сені бақыт, не сор іздеп табады…
Дүниені дүр сілкінткен жас толқынның саналы
Даңқын ешкім, ешкім бүркей алмас.
Оны да еске салады
Желтоқсанның бас алаңы, қайсар рух алаңы.

Дина апай бұл ызғарлы күннің қазір тек «оқиға» деп аталатынына наразы. Ол бұл жағдайға тиісті тарихи баға берілетін уақыт жетті деп есептейді.

1986 жылдан кейін болған түрлі тарихи оқиға мектеп бағдарламасына еніп кетті. Ал бұл көтеріліс туралы мүлдем дерек жоқ. Қанша жас қыршыннан қиылды. Қаншама қыз-келіншек бала сүйе алмай қалды. Қанша адам ақтала алмай өмірден өтіп кетті. Осыншалық зардабы бола тұра, мұны жай оқиға деп атауды тарихымызға құрметсіздік деп білем. Бірақ сол замандағы адамдар билікте отырған соң, тарихи баға жақында беріле қоймайтын да шығар, — дейді Дина апай.

Алаңды сәл аралап, жақын маңдағы бір дәмханаға жылынып алуға кірдік. Апайлар бұл кезде де сол жылдардың естелігін айта берді.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Көрмегенді көрдік қой. Бірақ екеуіміз бәрін бірге көрдік. Алаңнан қашатын кезде адамдар бір-бірін таппай қалып жатты. Екеуіміз жатақханаға дейін қол ұстасып, бірге жеттік. Бірақ әлі күнге шүкір етіп, «Құдайымыз бар екен» деп отырамыз. Шүкір, дін аманбыз. Бірақ сол Желтоқсанның зардабын физикалық тұрғыдан күні бүгінге дейін көріп отырған танысымыз көп. Әлі күнге бізді арандап қалған жастар ғып көрсеткісі келетіндер де бар. Бірақ біз — өз еркімізбен, бейбіт шеруге шыққандармыз, — дейді Гүлбараш апай.

Кезінде 20 жасында «Ел ертеңі үшін» деп алаңға шыққан жас қыздар қазір немере бағып отыр. Екеуі де «Біз — қазір әжеміз» деп мақтана айтты. Бірақ әлі зейнетке шыға қоймадық деп тағы күрсінді.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Бір-екі жылда зейнетке де шығып қалармыз. Әзірге мен химия пәнінен сабақ беремін. Гүлбараш — директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Бір мектепте істейміз. Бір ауданда тұрамыз, — дейді Дина апай.

Қазір екеуі де — «Желтоқсан Алматы» бірлестігінің мүшесі. Бұл ұйымда 500-ге тарта адам бар екен.

Негізі елде мұндай бірлестік көп, тек басымыз бірікпей отыр. Бір жағынан кейде біреу әдейі біріктірмей отырғандай көрінеді. Себебі біріксек, үлкен күшке айналатынымызды біледі. Сол үшін әзірге жыл сайын тек желтоқсаншылар болып өзіміз жиналып, «Бізді биыл біреу есіне алар ма екен?» деп отырамыз, — дейді Дина апай.

Осыдан соң апайларымыз келесі кездесуіне асықты. Өздерінің айтуынша, жыл сайын желтоқсан айының бірінші жартысы ерекше қарбаласпен өтеді екен. Желтоқсаншылар деп түрлі кездесуге де шақыратын көрінеді. Ал далаға шықсақ, алаңды қазірден күзетуге әлден-ақ полиция қызметкерлері келе бастапты. Сұрақтың астына қалмай тұрып, серуендеп алғанымыз жақсы болған екен дедік.

желтоқсан желі, желтоқсан көтерілісі
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

***

Тағы оқыңыз:

Желтоқсан оқиғасы туралы көркем және деректі фильмдер