Ұлы Отан соғысы кезінде майдан даласына аттанып, хабар-ошарсыз кеткен батырлар өте көп. Оларды іздеп табу қиын, бірақ мүмкін. Біз бүгін соның төрт әдісін ұсынамыз.

1

Неден бастау керек?

Ұлы Отан соғысына қатысқан туысқаныңды табудың ең тез әрі оңай жолы - арнайы базалардың сайтынан қарау.

  1. Mod.gov.kz

Mod.gov.kz - соғысқа Қазақстаннан шақыртылып, қаза тапқан, із-түссіз жоғалған адамдардың мәліметтері жинақталған база. Мұнда адамдар туралы ақпараттар әліпби бойынша реттелген: аты-жөні, туған жері мен жылы, әскерге шақырылған күні мен жері, соңғы қызмет еткен жері, шені, майданнан шығу күні мен себебі.

Бұл - өте көлемді база. Бір бетте 10 мың адамның тегі шығады. Іздеу жұмысыңыз оңай болуы үшін, Ctrl+F пернелерін басу арқылы, іздеу жолағына өзіңіз іздеген адамның тегін жазыңыз. Осылай тез табасыз.

Мемориал

Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің (ЦАМО) "Мемориал" мәліметтер базасынан қарау.

Ол үшін сайтқа кіріп, "Тегі", "Аты", "Әкесінің аты" деген жолдарды толтыру керек. Егер жоғалған туысқаныңыз туралы барлық мәліметті білетін болсаңыз, "кеңейтілген іздеу" арқылы оның туған жылын, шақыртылған жерін де көрсетуге болады.

"Іздеу" пернесін басқан соң, мәліметтер базасынан сіз жазған адамға қатысты базада бар барлық мәліметтер шығады. Егер ешқандай нәтиже шықпаса, адамның тегі мен атындағы әріптерді өзгертіп көреміз. Себебі соғыс кезінде барлық құжаттар орысша толтырылғандықтан, есімде қате кетуі мүмкін. Мысалы, Кәрібжан есімді азаматтар "Карибжан" немесе "Карпжан" деп толтырылып кетеді. Сонымен бірге ол адам туралы мәліметтер бірнеше жылдан кейін табылып, құжатындағы жазулары өшіп кеткендіктен, базаға аты-жөнінде өзгерістер болып енгізілуі де ғажап емес.

Егер базадан туысқаныңыздың әскерге шақырылған қағазымен бірге, қайда жерленгені, қандай ерліктер көрсеткені туралы мәліметтер тапсаңыз, сіз жолы болған адамсыз. Себебі аты-жөні анықталмай кеткен қаншама сарбаз бар. Олардың денесін іздеу отрядтары тауып жатыр, алайда кім екендерін айғақтайтын құжаттары жоқ. Ал кім екенін анықтаса, олар міндетті түрде сіздің туысқандарыңызға ол туралы хабарлайды.

Хат
Иллюстрация ©Бекзат Исамбергенов

2

Қосымша ақпарат жинау. Хаттары сақталған ба?

Хаттар

Іздеу кезінде хаттардың да маңызы зор. Оларда көрсетілген дала пошта бекеттерінің нөмірі аса маңызды. Сол арқылы туысқаныңыз мүшесі болған дивизияның, бөлімнің нөмірін анықтай аласыз.

Ол үшін soldat.ru сайтынан дала пошталары туралы ақпараттарды қарауға болады. Ондағы хаттардың мерзіміне мән беріңіз, сол арқылы адамның қай әскери операцияға қатысқанын білесіз.

Әскери шені

Егер туысқаныңыздың қандай да бір әскери шені болғанын білсеңіз, іздеу жұмыстарыңыз жеңілдей түседі.

Кіші лейтенант шенін алғаннан бастап адамның жеке мәліметтері автоматты түрде тіркеледі. Онда өмірбаяны, әскери жетістіктері тіркелген құжат болады.

Жарақат алған болса

Соғыс кезінде госпитальға түскен адамдардың бәріне жеке карта ашқан. Оған қай госпитальда не үшін емделгені, қай жері жарақаттанғаны, қай дивизиядан әкелінгені жазылады. Бұл туралы ақпаратты ЦАМО-ның әскери-медициналық құжаттар бөлімшесінен іздеуге болады. Ол Санкт-Петербург қаласында орналасқан.

Оған хат жазсаңыз, әдетте, жарты жылдан кейін жауап береді. Хатты міндетті түрде арнайы тапсырыспен қағаз нұсқасында жазу керек. Онда туысқаныңыздың толық аты-жөнін, туған жылы мен жерін, қай әскери бөлімшеден шақыртылғаны, әскери бөлімнің нөмірі, әскери шенін, соңғы хаты қашан келгенін көрсетсеңіз, суретін жіберсеңіз құба-құп. Бұл архив қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді, сәйкесінше, жауабы да ертерек келеді.

Бөлімшенің мекенжайы: РФ Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің бөлімшесі (Санкт-Петербург қаласындағы әскери-медициналық құжаттар) 198329. Санкт-Петербург қаласы, Отважный көшесі, 2 үй. Архивтің қабылдау бөлімінің нөмірі +78124598755, +78124598772.

3

Тағы қайдан іздеуге болады?

Әскери әдебиет

Сайтта әскерге қатысты көптеген құжаттар, естеліктер, жинақтар бар. Егер туысқаныңыз қызмет еткен дивизияның нөмірін, соғысқан аймақтарын білсеңіз, жоқ дегенде жалпы мәліметтерді табуға болады.

"Подвиг народа" мәліметтер базасы

Аталған мәліметтер базасы - ЦАМО-ның тағы бір жобасы. Онда соғыс кезінде ордендермен марапатталған адамдар туралы ақпараттар жинақталған.

Саксон мемориалы

Саксон мемориалы Дрезден қаласында болған саяси террор құрбандарының құрметіне ашылған. Одан тұтқынға түсіп, лагерге жіберілген адамдар туралы мәліметтерді табуға болады.

Бад Арользенедегі Халықаралық іздеу қызметі

Бұл да - немістердің тұтқыны болған адамдар жөніндегі база. Онда Нойенгамме (2 400) мен Дахау (330) концлагерлеріне түскен адамдардың жеке заттары мен мәліметтері өте көп. Сонымен бірге Гамбургтегі, Нацвайлер мен Берген-Бельзен, Амерсфоорт пен Компиенье лагерлерінде болған адамдардың жеке заттары да бар.

Тағы мына жерлерден де қарауға болады:

4

РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіне бару

Хат жазу
Иллюстрация ©Бекзат Исамбергенов

Егер электронды мәліметтер базасынан ешқандай ақпараттар таба алмасаңыз немесе ондағы нәтиже көңіліңізден шықпаса, Ресейдің Подольск қаласындағы Орталық архивке баруға тура келеді.

Архивке бару үшін алдын ала өтініш бересіз. Онда жеке басыңызды куәландыратын құжат, іздеп жүрген адаммен туысқандық байланысыңызды растайтын құжат (ол болмаса, жоғалған адамның туысқандарының мүмкіндігі болмай, сізге өтініш білдіргені жөніндегі  сенімхаты (ол нотариуспен бекітілген болуы керек) жібересіз. Ол хатты арнайы тапсырыспен (!) жіберу керек.

Мекенжайы: 142100, Москова облысы, Подольск қаласы, Киров көшесі, 74.

Толық ақпаратты 8 (4967) 69-90-05 нөмірі арқылы білуге болады.

Оның жауабы да жарты жылға жуық уақытта келеді. Себебі сіз сияқты жоғалған адамын іздеп жүргендер көп.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!