31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. 1937-1938 жылдары Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. 1930-1933 жылдары болған аштық салдарынан 1,8 миллионнан астам адам қырылған.
Baribar.kz тілшісі әлеуметтанушы Серік Бейсембаевпен және психолог Нұргүл Молдабайқызымен сөйлесіп, репрессия мен аштықтың ұлт санасына әсерін, биліктің бұл тақырыптардан не үшін қорқатынын, трагедия туындатқан травмалардан қалай айығуға болатынын сұрады.

«Адам қай жақтан және не үшін жазаланатынын білмей үнемі қорқып өмір сүреді»

Көптеген елді бодандықта ұстаған кеңес билігі жан түршігерлік әрекеттер жасағаны тарихтан белгілі. Бірден бір мысалы — ұлт зиялыларына жасалған репрессия. 1937-1938 жылдары Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілген. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев қуғын-сүргін ұлт болмысына тікелей әсер етті дейді. Ол «қуғын-сүргін болмаса, ұлт сапасы басқаша болар еді» деген пікір айтты.

Ғылымда «Элиталар теориясы» деген бар. Осы теорияға сәйкес қоғамды адамдардың 2-3%-і ғана өзгертеді. Ақылды, жауапты, тәуекелге бел буатын адамдар кез келген қоғамда көп болмайды. Репрессияны осы тұрғыдан қарасақ, 1937 жылдары зиялылардың атылып кетуі қоғам ретінде, ұлт ретінде дамуымызға орасан зор нұқсан келтірді. Өйткені дәл сол адамдар тобы ұлт қаймағы еді. Біздің ғылыми тұрғыдан, саяси тұрғыдан дамуымыз сол адамдардың қызметіне тікелей байланысты болған. Олардың бәрі атылып кеткенде біздің ұлт үлкен әлеуеттен айырылды. Қаншама туынды жазылмай қалды, қаншама жаңалық ашылмай қалды. Осы нәрсенің бәрін ескеретін болсақ, бұл ұлтымыз үшін үлкен жара болып тұр. Қуғын-сүргін болмаса, ұлтымыздың сапасы басқаша болар еді деп ойлаймын, – дейді ол.

Психолог Нұргұл Молдабайқызы репрессияның салдары жалғасып келе жатқанына тоқталды.

Қуғын-сүргін кез келген кеңес халқына, оның ішінде қазақ ұлтының болмысына және мәдениетіне тікелей әсер етті. Кез келген жазаның превентив қызметі бар. Жаза заңсыз, процедураларсыз болса, адам қай жақтан және не үшін жазаланатынын білмей, үнемі қорқынп өмір сүреді. Кеңестік репрессиялар психологиялық тұрғыда қорқытуға негізделген. Нәтижесінде – халық репрессияға түспес үшін бәрін жасайды. Репрессиялардың халықтың мәдениетіне және болмысына әсер еткенін түрлі мысал арқылы көруге болады. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ халқы әділеттілік, демократия және адамгершілік арқылы өмір сүрген. Тарихи деректерде қазақ баласын 20-ғасырға дейін ұрып-соқпағаны жазылған. Ал қазір біздің қоғам кеңестің сөгу, жазалау, жаншу сияқты адамға қарау әдістерін сіңірген,  – дейді ол.

Философтар «Дарға асудың куәсі болған халық өлім қорқынышын артық сезінеді» деген ой айтады. Желіде саяси оқиғаларға байланысты қоғам үнсіздігін репрессия салдары ретінде қарастыратындар да жоқ емес. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев репрессия салдарынан «бейімделгіш бол», «үндемей қала сал» деген нәрсені бойына сіңіріп өскен буын пайда болғанына тоқталды.

Әлеуметтану мен әлеуметтік психологияда «Ұжымдық травма» деген түсінік бар. Осы түсінік туралы кейінгі жылдары бірнеше зерттеулер мен кітаптар  шықты. Осы зерттеулердегі концепцияны негізге алып айтар болсақ, тарихи трагедиялар қоғамның санасына ықпал етеді. Өйткені сол трагедияны көрген адамдардың ұрпағы бар және ол ұрпақ сол кездегі травманы әлі өздерімен бірге алып жүр. Қазіргі ересек кісілер репрессия көрген адамдардың үшінші буыны. Бұл буын қандай жағдайда өсті, нені естіп өсті? Әрине, «көп сөйлеме», «билікке тіл тигізбе», «зияны тиіп кетеді», «бәрібір ештеңе өзгерте алмайсың» деген нәрселерді естіп өсті. Демек, бұл ұрпақ «бейімделгіш бол», «үндемей қала сал» деген нәрсені бойына сіңіріп өскен. Бұл нәрсе олардың мінез-құлқына, әсіресе қоғамдық-саяси мінез-құлқына әсер еткен, – дейді әлеуметтанушы.

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы
Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы. Фото: Paperlab.kz

«Аштық тарихи оқиға ретінде аяқталмаған»

Психолог біздің кей мінездеріміздің тереңінде аштық салдары жатқанын айтты.

Психологиялық перспективадан айтсақ, аштық тарихи оқиға ретінде аяқталмаған. Әлі жалғасып жатыр. Ғылымда трагедияларға арнайы шара қолданылмаса,  салдар арқылы өмір сүруін тоқтатпайтындығы айтылады. Демек, кез келген тарихи травма биологиялық, мәдени, психологиялық немесе әлеуметтік-экономикалық деңгейде жалғаса бермек. Тарихи травмалар ата-анасынан балаларға  қарым-қатынас, мінез-құлық, балалық шақтағы зорлық-зомбылық, отбасылық жанжал, эмоциялық қашықтық немесе стресс арқылы міндетті түрде берілетіні дәлелденген, – дейді психолог.

Қоғамда аштық салдары туралы сөз болғанда «Аштық көрген адам тойымсыз келеді» деген пікір айтылады. Ақын Ықылас Ожайұлы «Аштық пәлсапасы» мақаласында ашаршылықтың салдары ұрпаққа берілетінін айтып, қазіргі материалдық тойымсыздық түбінде аштық салдары жатыр деген ой қозғайды. Бұл ойды қуаттау үшін көп шенеуніктің ата-бабасы ашаршылыққа ұшырағаны, Алаш арыстарының жоқшылық көрмегені жазылған. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың сөзіне қарағанда, жемқорлықты ашаршылықпен байланыстыру — тым қарапайым түсіндірме.

Менің ойымша, жемқорлық ғылымға қатысы жоқ. Себебі, жемқорлық бізде ғана емес, бүкіл әлемде бар. Әсіресе артта қалған, дамушы, авторитар елдерде кеңінен тараған. Ойын ережесі анық емес, билік бір жерге шоғырланған, азаматтық қоғамы әлсіз мемлекеттерде жемқорлық тарайды. Бұл нәрсені ашаршылықпен байланыстыру — тым қарапайым түсіндірме. «Аштық көргендердің ұрпағы басқаша жасай алмайды» деген түсінік дұрыс емес, – дейді әлеуметтанушы.

Нұргүл Молдабайқызы, психолог.
Нұргүл Молдабайқызы, психолог. Фото жеке архивінен

«Билік бұл тақырыптан қорқады»

Әлеуметтанушының айтуынша, билік ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты тақырыптардан қорқады.

Биліктің ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты тақырыптардан қорқуын ойлау форматы Кеңес одағының ойлау форматына сай адамдардың билікте болуымен түсіндіремін. Ол адамдар үшін аштық, қуғын-сүргін деген тақырыптар — тым сезімтал тақырыптар. Бұл тақырыптарды көтерсе, аштыққа жауапты адамдардың аты аталуы керек екенін, бұл трагедияның саяси салдары бар екенін түсінеді. Осы себепке байланысты бұл мәселені қозғауға, ашық көтеруге мүдделі емес. Жақында «Алжир» музейіне бардық. Бұл музей Астанадан 30 шақырым жерде орналасқан. Көп репрессия мен аштықты бастан өткерген біздің мемлекет үшін бұл музей Астананың дәл орталығында ашылуы керек еді. Билік мүдделі болмады. Осы музей саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарына арналған. Музейге қазақ хандығының Ресей құрамына қосылғанынан бастап, Желтоқсан оқиғасымен аяқталады. Эклектикаға толы. Музейді сыртқа шығарып тастауы, бір музейдің ішіне қуғын-сүргінді де, ашаршылықты да, тоталитаризмді де кіргізуі – биліктің тақырыпты толық ашпауға мүдделі екенін көрсетеді. Билік бұл тақырыптан қорқады, – дейді Серік Бейсембаев.

Психолог Нұргүл Молдабайқызы бұл тақырыптан қорқудың қажеті жоқ екенін, керісінше трагедия салдарын анықтау керек екеніне тоқталды.

Травмалардан айығудың ең бірінші жолы – басымыздан өткен тарихи оқиғалар мен қазіргі жай-күйіміздің корреляциясын зерттеу. Бұл оқиғалар қандай салдарға әкелгенін анықтау. Сол кезде ғана шешу жолдарын ұсынуға болады, – дейді ол.

Отарсыздану туралы айту не үшін маңызды?

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың сөзіне қарағанда, отарсыздану әділет орнағанда ғана басталады.

Отарсызданудың ар жағында травма  деген нәрсе тұр. Травманың емі – шындықтың ашылуы және әділет орнауы. Адамдар үшін бұл тақырыптарға оралу маңызды. Өйткені адамдар әділетке ұмтылады. Бұл барлық қоғамда, барлық кезеңде болған. Біз адам ретінде үнемі әділетке ұмтыламыз. Отарсызданудың ар жағында тұрған нәрсе — әділеттіл орнатуға деген ынта. Әділет орнату – тарихи шындықты ашу, кінәлілердің атын атау. Отарсыздану тарихты талқылау ғана емес, трагедияға алып келген кінәлі адамдарды анықтау да. Отарсыздану дискуссиясы міндетті түрде «Кім кінәлі?» «Неліктен бұлай болды?» деген сұраққа жауап беруі керек. Әлемде диктатурадан шығып, демократияланған мемлекеттің бәрі осындай өте күрделі процесті бастан кешірген. Осы процестерден өтпейінше отарсыздану сезімтал тақырып болып қала береді, – дейді ол.

Психолог Нұргүл Молдабайқызы отарсыздану процесі айыптау емес, зерттеу арқылы жүзеге асатынын айтты.

Эрих Мария Ремарктың «Батыстағы фронтта өзгеріс жоқ» деген кітабы «Бұл кітап айыптау да, тоба ету де емес. Бұл – ажал мен снарядтан аман қалса да, соғыстан аман қалмаған ұрпақ тағдыры туралы ашық айту» деген тоқетер оймен басталады. Тура сол сияқты, отарсыздану тарихи оқиғаларды айыптау мен жамандау арқылы емес, ол оқиғаларға қатысушылардың  ұрпақтан ұрпаққа «тасыған», орнықтырған дүниелерін зерттеу, олармен жұмыс істеу арқылы жүзеге асады, – дейді ол.