Жеті атаға толмай қыз алыспау – ата-бабамыздан бері келе жатқан қатаң құқықтық заң-ереже. Бұл – физологиялық және психологиялық ауытқуды және ауруды тудыратын генетикалық өзгерістердің алдын алу үшін жасалған сақтық шарасы.

Яғни, үйленетін азамат қалыңдықты жеті таудан асып, жеті өзеннен өтіп тапса, ерлік саналған. Бұл ұрпақ саулығын, қан тазалығын, тектілікті сақтаудың ең ұлы әрі ең сенімді жолы ретінде әлемде мойындалды.

«Жеті жарғы» заңы не дейді?

© sabaqtar.kz

«Жеті Жарғы» – қазақ халқының өмір сүру ортасы мен тарихи танымына сай жасалған дала заңы. Қазақ ханы әз Тәуке «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» жетілдіріп, сол негізде Тәуке хан «Жеті жарғы» заңдар жинағын жарыққа шығарды.

Жеті жарғының некелік қатынастар туралы бабында балиғатқа толумен қатар, екінші шарт – бұл болашақ жұбайлардың жеті атаға дейін туыстық қатынаста болмауы талап етілген. Онда балиғат жасы 13 болып белгіленген. Сонымен бірге атастыру, айттыру, құда түсу, ғашықтық және басқа да жолмен қосылудың ережелері айқындалды. Қалыңмал берудің тәртібі де ру басылары мен ақсақалдардың келісімімен халықтың әлеуметтік жағдайына қарай оңтайландырылды. Бұның қазақта «бай байға, сай сайға құяды» деген мәтеліне айналғаны белгілі.

«Он үште отау иесі» немесе «қалпақпен ұрып алу»

Қазақ халқы балаға 13 жастан бастап үйленуге рұқсат еткен. Тіптен «Жеті жарғының» неке туралы бабында он үш жасқа толмаған бала қылмыстық жауапқа тартылмайды деп белгіленген. Заңдар жинағында некеге отыруға 13 жастан рұқсат етіледі. Міне бұдан балиғат жасының 13 екенін аңғаруға болады.

Үйлену той, шығын
Иллюстрация © Бекзат Исамбергенов

Қазақта айтылатын «Он үште отау иесі» деген мақал да осыдан шыққан. Кейде қыз бала тым әлсіз болса толысып, өмір сүру қабілеті жеткенге дейін күткен. Денелі немесе ерте есейген болса, ерте некеге рұқсат етіп отырған. Мұны қазақ «Тымақпен ұрып алу» деп аталыпты. Яғни, тымақпен ұрғанда желп етпесе есейген, денелі, тұрмысқа шығуға болады деп есептеген. Міне, бұл – аталарымыздың екі жасты үйлендіру барысында қыздың денсаулығы мен жағдайына да қарағандығын білдірсе керек.

Сүйек жаңғырту

Сүйек жаңғырту — бұрындары құдандалы болған жақтар қайтадан қыз алысып, қыз берісіп құдалықты одан әрі жалғастыру дәстүрі.

©otyrar.kz

Этнограф, жазушы Байахмет Жұмабайтың айтуынша, «Қазақтың некеге қатысты тағы бір жақсы салты – сүйек жаңғыртып құда болу. Мұнда құдандалы болған әулет ұзақ уақыт өткен соң, туыстық байланысты үзбеу мақсатында бір-біріне қыз беріп, келін алысатын болған. Мұны – сүйек жаңғырту деп атапты. Алайда жиендік не нағашылық туыстық қатысы жоқ туысқандарды ғана бір-біріне үйлендірген. Ешқашан жиеніне нағашысынан немесе нағашысына жиеннен қыз алып бермеген. Тек құдалық қатысы бар құда балалар мен құдашаларды үйлендіріп отырған. Мұнда қан тазалығын сақтап ғана қоймай «құда мың жылдық» деп туыстықты ары қарай жалғау жолын көруге болады».

Жігіттің үш жұртының қайсысынан қыз алысуға болады?

Қазақтың үш жұртының ішінде өз жұртынан және нағашы жұртынан ешқашан қыз алыспайды. Ал қайын жұрт сәл басқаша. Яғни, қандық туыстық байланыс болмаса немесе құда бала мен құдашаларды өзара айттырады.

©eastroute.com

Кейде нағашылы-жиенді жақ екі-үш атадан кейін, кедейліктен не соғыстан үйлене алмай қалу секілді қиын жағдайларда атастыратын болған. Бірақ бұл барынша сирек кездеседі. Немесе жұбайы қайтыс болған еркекке қайын жұртынан қыз алуға болады. Көбінесе балдыздарын алған.

Айттыру дәстүрі отау көтерер жасқа жеткен жігіт қалыңдық іздеп, ұнатқан қызы келісім бергеннен кейін, үлкендердің рұқсатымен болады. Ал, атастыру – дос-жар адамдар өз достықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру үшін бірінің жұбайы қыз тапса, екіншісінің жұбайы ұл тапса атастыратын болған. Егер бала туылмай тұрып, серттесіп атастырылса «бел құда» деп, ал туылғаннан кейін атастырылса «бесік құда» деп атаған.

Қарсы құда болу

Бұрын қатар ауылда бой жетіп отырған қыздары, ер жетіп ұлдары болса үлкендердің келісімімен бірі қызын қарсы жаққа беріп, оның орнына бір қызды келін етіп алып «қарсы құда болдық» деп атаған. Бұл да үлкендер мен жастардың келісімі бойынша болған.

©altyn-orda.kz

Мұндай құдалықта екі жақ та қыз алып отырғандықтан құдалықтың ырымын жасаған әрі қалың мал алу жағын жеңілдетіп отырған. Мұның тағы бір жақсы тұсы – екі жақтың туыстық байланысы барынша жақындап, балаларының өзара араласуына да әсері болған.

Қазақ жеті атаға толып, қыз алысуға рұқсат болғанда қандай жоралғы жасаған?

Бұл жағдай екі жастың өзара махаббатынан туындайтыны белгілі. Мұндай кезде ауыл ақсақалдары мен билері ақылдасқан. Егер екі жастың туыстық байланысы жеті атаға толса, жеті рудан билер мен ақсақалдарды жинап, «Ақсарбас» айтып, мал сойып, батасын беретін болған. Сонымен бірге жаңа шыққан руға ру атын, ен-таңбасын, аруақ-ұранын белгілеп берген. Міне осы баталасудан кейін бұл екі ру бір-бірінен қыз алысатын болған.

Жеті атаға жетпей қосылғандарға арналған жазалар

Жаза әр түрлі болған. Мысалы, теріс бата, тас ату, үстінен мал айдау, елден аластау, асаудың құйрығына тағу.

Теріс бата – әке-шешесі, не қатты назары түскен ақсақал не ана алақанын теріс қаратып жайып, лағнет айтып, қарғыс дұғасын оқыған.

Бата
©Baribar.kz

Жеті атаға толмай қосылған жастардың мәселесін ру басшылары мен ақсақалдарының жиналысы шешіп отырған. Алдымен 3 тен 5 ретке дейін ескерту жасаған. Егер екі жас ақсақалдардың, әке-шешенің шешіміне қарамай үйленсе, қашып кетсе ең алдымен «теріс бата» берген. Сонымен бірге қайда қашып кетсе де тауып алып, жазалап, тіпті, өлтіріп отырған. Себебі, бұл – бүкіл рудың ар-намысына дақ түсіріп, қара бет қылатын, ата-бабаның салт-дәстүріне қиянат келтіретін ауыр қылмыстардың бірі ретінде тарихқа қалды.

Мұндайдан елді шектеп, халыққа үлгі ету үшін «тас ату» арқылы да қия басқандарды жазалап отырған. Онда әр үйден бір адамнан шығып, бір кесек тасты елді қара бет еткен қылмыскерге атқан. Бұл діни жазалау түріне ұқсап кетеді. Кейде төрт жаққа керіп, жерге жатқызып байлап қойып, үстінен қоралы қойды арлы-берлі өткізу арқылы малдың тұяғына таптатып өлтірген. Елден аластау – кейде осындай ауыр қылмыс жасаған екі жасты байлап, елден алыс жерге апарып, тентіретіп қоя берген. Бұдан тыс асау жылқының құйрығына тағып, сүйретіп жіберген жағдайлар да болыпты.

Руды сұрау дұрыс па?

Жастардың өзара ру сұрасуын жаман әдет деп айта алмаймыз. Осы арқылы өз тектерін біледі әрі танысқан қыз-жігіт ара туыстық байланыстың алыс-жақындығын да айырады. Міне бұл жастардың тіл табысып, өзара сөз байласуына ықпал етеді. Қазір де көптеген азаматтар өз руластарын жақын туысы ретінде қарап, көмектеседі.

Жеті атаны қалай түгендейді?

«Жеті атасын білген жеті жұрттың қамын жейді» деген аталы сөз бар.

Жеті ата: 1. Бала. 2. Әке. 3. Ата. 4. Арғы ата. 5. Баба. 6. Түп ата. 7. Тек ата.

©kopilkaurokov.ru

Жеті ұрпақ. Газет-журналдарда да, кітаптарда да жеті атаны көбіне былай бөліп келеді:

Қыздан тараған: қыз, жиен, жиеншар, көгеншар, дегеншар, жүрежат, туажат; Ұлдан тараған: бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, жегжат, жұрағат.

Жеті атадан асқасын, жамағайын, қаймана, ағайын болып жалғасады. Шешенің нағашысы түп нағашы; әкенің нағашысы тек нағашы аталады.

Мысалы, сіз 35 жаста болып, 3 балаңыз болса, әр баладан орта есеппен 3 баладан ұрпақ қалады деп есептесек және әр 35 жылды бір ата кететін дәуір деп есептесек, жетінші атаға барғанда қандас туыстың саны 6561 болады, сегізінші атада 19 618 адам болады екен. Егер әр адам орташа есеппен 4 баладан ұрпақ жалғайды деп есептесек, жетінші атаға барғанда 65 536, сегізінші атаға барғанда 262 144 туысыңыз болады. Бұл да қызықты мағлұмат.

Сүт анасы балаға қандай тәрбие берген?

©alauinform.com

Балаларын үйлендіру алдында да әке-шешесі қан тазалығы жағында үлкен жауапкершілік атқарған. Бір баланы екі ана қатар емізбеуге тырысқан. Қажет болса тек абысындар ғана бір-біріне емізуге рұқсат еткен. Оны сүт анасы деп құрметтеп, ат мінгізіп, шапан жауып, сәбидің анасы ретінде сыйлап отырған. Сол үшін қазақ арасы жеті атадан артықтарды жеті таудан асып, жеті өзеннен өтіп барып үйлендіріп отырған.

Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрі ұрпақ саулығы үшін үлкен мәнге ие. Көпшілігі мән бермегенімен келешек ұрпаұ үшін бұл дәстүрдің маңызы мол.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.