Елімізде қазіргі уақытта 9 415 адам іздеу салынған, оның 2 096-сы — із-түзсіз жоғалғандар. Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті хабарлап отыр.
Жоғалғандардың көпшілігі Алматы қаласында (275), Қарағанды (211), Павлодар (172) және Алматы (154) облыстарында тіркелген.
Көбіне 30 бен 49 жас аралығындағы ер адамдар (77%) түрлі жағдайда хабар-ошарсыз кетеді. 1558 адам үйлерінен шығып, қайтып оралмаған, 72-сі көліктерімен жоғалып кеткен, 33-і жұмыстан шығып, жоғалып кеткен, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ елімізде тергеу мен соттан қашып жүрген 2 184 адам іздестіріліп жатыр. Айта кету керек, іздеуде жүргендер де — негізінен 31 бен 40 жас аралығындағы ер адамдар (89%).
Олардың көбі алаяқтық (404), ұрлық (212) және кісі өлтіру (127) бойынша Алматы (466), Астана (161), Шымкент (133) қалаларында, Алматы (144) және Қарағанды (143) облыстарында іздестіріліп жатыр.