Алматыдағы Астана алаңында көлік қозғалысы бірнеше күнге жабылады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдіктің мәліметінше, қала күнін мерекелеу аясында 14 қыркүйек сағат 16.00-де «Астана» алаңында LuxFM радиостанциясының фестивалі өтеді. Сахнада Мирас Жүгінісов, Айқын Төлепберген, Jazzdauren, Adam және басқа да танымал артистер өнер көрсетеді. Кештің басты қонағы – Грэмми сыйлығының иегері, продюсер DJ Imanbek.
Сонымен қатар «Астана» алаңында эстрада жұлдыздарының қатысуымен Almaty Cover Show өтеді. Концерт 17.00-де басталады, оған Нағима Есқалиева, Мейрамбек Беспаев, Kalifarniya, RaiM, Нұрлан мен Мұрат, ARO, Ерболат Құдайберген, Қайрат Түнтеков, Еркін Нұржанов, Айдар Тұрғанбай және т.б. артистер қатысады.
12-16 қыркүйек аралығында Төле би көшесінің бойы Панфилов көшесінен бастап Абылай хан даңғылына дейін жабылады. Бұл аралықта Астана алаңында Қала күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылатын іс-шараларға дайындық жұмыстары жүргізіледі. Түсіністік танытып, жол жүру бағытын алдын ала ойластыруларыңызды сұраймыз. Сонымен қатар жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, — делінген хабарламада.