Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Үлкен Ақсу ауылдық округінде сібір жарасына күдікті төрт жағдай тіркелді.
Алматы облысының әкімдігі бұл жағдайға байланысты ветеринарлық-санитарлық уақытша шектеу енгізілгенімен, карантин болмайтынын хабарлады.
Ұйғыр ауданында, сібір жарасына күдікті жағдайлардың анықталуына байланысты, ветеринарлық-санитарлық уақытша шектеу шаралары енгізілді. Карантин жарияланған жоқ, — делінген хабарламада.
Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында мал мен ауылшаруашылық жануарлардан алынатын өнімдерді экспорттауға шектеу қойылды. Сібір жарасы адамнан адамға жұқпайтындықтан, азаматтардың жүріп-тұруына ешқандай шектеулер қойылған жоқ.