Абай облысындағы Жетіжар ауылында төтенше жағдай жарияланды

Бесқарағай ауданы, Жетіжар ауылының тұрғыны сібір жарасы ауруына шалдыққан деген күдікке ілінді. Бұл туралы Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Науқас ПТР тестін өтті, әлі ауру расталмады. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі жоспардан тыс облыстық комиссияның отырысында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті ауқымда табиғи төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды, — делінген хабарламада.

Қазіргі таңда Жетіжар ауылының кіре берісіне санитарлық бекет орнатылып, ауылдан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға уақытша шектеу қойылды. Сонымен қатар жағдайдың себептерін анықтау үшін аудиторлық жұмыстар жүргізіліп жатыр.