Еліміз бойынша көлік министрлігінің бастамасымен «Назар аударыңыз, ауыр салмақты автокөлік» рейдтік іс-шарасы ұйымдастырылып, оның барысында ауыр салмақты көліктердің, оның ішінде самосвалдардың қозғалысы бойынша бақылау күшейтілді.
Бұл туралы көлік министрлігі хабарлады.
Ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалдауының алдын алу және бақылау бойынша шараның аралық қорытындылары туралы айта келе, айыппұлдардың басым бөлігі Маңғыстау, Ақтөбе және Жетісу облыстарында салынған.
Осылайша, аталған рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде шамамен 100 миллион теңге сомасында әкімшілік айыппұл салумен 293 бұзушылық анықталған. Жалпы, акция басталғаннан бері көліктік бақылау инспекциялары бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен бірлесіп 30 рет инспекция жасады, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, ауыр жүк самосвалдарымен тасымалдау кезінде жол қозғалысы ережелерін және жүктерді тасымалдау ережелерін, оның ішінде автокөлік құралдарының рұқсат етілген салмақ өлшемін бұзуға жол беріледі.
Бүгінгі таңда еліміз бойынша барлығы 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелген, оның ішінде 60 мыңнан астамы самосвалдар.