Чехиялық ғалымдармен бірлесіп зерттеу жүргізген экологтар бұл қорытындыға 3 жыл бойы жүргізілген жүзге тарта сынақтың нәтижесінде келіп отыр. Олар Қарағандыдағы ірі супермаркеттердің бірінен сатып алынған жұмыртқадан бромдалған антипирен тапқан. Ал, Балқаштағы тауық жұмыртқаларынан жоғары токсинді заттар анықталыпты. Маңғыстау облысының Таушық, Шетпе, Басқұдық ауылдарындағы үй тауықтарының жұмыртқалары да улы екен.
Экологтардың айтуынша, пластикке ұқсас химиялық заттар ағзаға түссе, айықпас дертке шалдықтырады.
Дмитрий Калмыков, «Экомұражай» қоғамдық бірлестігінің директоры:
Бұлар орнықты, яғни тұрақты органикалық заттар деп аталады. Ағзада жиналып шөге береді, сыртқа шықпайды. Әсіресе, жұмыртқада жиналады. Ағзаға көп мөлшерде түссе, қалқанша безі, жүйке жүйесі ауруларына, тіпті бедеулікке шалдықтыруы мүмкін.
Мамандар жұмыртқалардың улануына өндіріс қалдықтары мен мыңдаған қоқыс үйінділері себеп екенін айтады. Сондықтан оларды жойып не қайта өңдейтін зауыттар қажет дейді.
Экологтар бұл мәселені 20 сәуірде Астанада өтетін экологиялық конференцияда талқыламақ. Онда құзыретті мекемелердің өкілдері де болады.