Шетел азаматтары үшін жанармай бағасы 40 теңгеге өседі

Энергетика министрлігі шетел азаматтары үшін бензин мен дизель отынының бағасы өзгерген бұйрықтың жобасын жариялады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Ішкі нарықта отын балансын сақтау, сонымен қатар мұнай өнімдерінің ағындары мен «сұр» экспортының тәуекелдерін азайту мақсатында энергетика министрлігі автокөліктің тұтыну көлемі мен шығу тегіне байланысты Аи-92, Аи-93 бензині мен дизель отынына нақтыланған бағалары бар бұйрық жобасын дайындады, — делінген хабарламада.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта бағаны мемлекеттік реттеуге байланысты Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында жанар-жағармай құны ең төмен ел болып саналады, бұл мұнай өнімдерінің басқа елдерге ағындары мен «сұр» экспортының жоғары тәуекелдеріне әкеледі.

Бұйрық жобасымен АИ-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 245 теңге деңгейінде белгіленеді деп болжанып отыр. Құжатта дизель отынының бағасы литріне 315 теңге болатыны болжанған.

Жүргізуші куәлігі мен көлік құралын Қазақстанда тіркеу туралы куәлігі бар азаматтар үшін ЖЖМ бағасы өзгеріссіз қалады, — деп хабарлады ведомство.

Бұйрықтың жобасы барлық мүдделі тараптардың талқылауы мен ұсыныстары үшін «Ашық НҚА» сайтында жарияланды.

Энергетика министрлігі қазіргі уақытта ЖЖМ қорларын өндіру, тиеу және толықтыру үздіксіз жүргізіліп жатқанын, ішкі нарықта мұнай өнімдерінің едәуір қоры бар екенін, ЖЖМ-мен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты екенін хабарлады.