Қазақстан мен Түркия президенттері бір-бірін Ораза айт мейрамымен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекеттер басшылары бірін-бірі Ораза айт мейрамымен құттықтап, Қазақстан мен Түркия халықтарына бақ-береке тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңіріндегі су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты қолдау көрсеткені үшін Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтты.

Қазақстан президенті Түркия Республикасымен бауырластық қатынасты, сонымен қатар екі ел халықтары арасындағы тұрақты ынтымақтастық пен өзара тілеулестікті жоғары бағалайтынын мәлімдеді.

Әңгіме барысында президенттер екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселесін талқылап, алдағы уақытқа жоспарланған кездесулер кестесін қарастырды.