Даңқты балуан Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алу мақсатында «Student Cup» спорттық іс-шарасы өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнир Қазақстан Спортшылар одағы мен Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Жоба авторы – Гиннес рекордтар кітабының рекордшысы, қазақстандық балуан Сергей Цырульников.
Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында алғаш өткізілген бәсекеде елорданың 11 университетінен 22 студент қатысты. Олардың арасында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы Едіге Емберді, армрестлингтен Азия чемпионы Станислав Слободян да бар.
Турнирдің ерекшелігі – жеңімпаздар командалық сайыстар арқылы анықталды.
Бірінші сайыста спортшылар 2 минутта 60 келілік қапты басынан асыра көтерсе, екінші жаттығуда шынжырға байланған 24 келілік гір тасын 2 команда ұзақ ұстап тұру арқылы жарысты. Үшінші кезеңде ұзындығы 60 сантиметрді құрайтын арматураны уақыт жылдамдығымен майыстырды. Ал төртінші раундта салмағы 80 келілік қапшықты 2 минут ішінде 1,2 метрлік кедергіден мейлінше көп асыруға тырысты. Қорытынды сайыста командалар арқан тартуда сынға түсті.
Турнир қорытындысы бойынша 1-орынды Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университет, 2-орынды Astana IT, 3-орынды Спорт академиясы иеленді.