Астанада Наурыз мерекесі қарсаңында Нұра ауданында «Армандар шаңырағы» атты қайырымдылық акциясы өтті. Акцияға мүмкіндігі шектеулі 70 бала қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Естай – 7 жаста. Ерекше назардан тыс қалып қоятын кездер болады. Мұндай акциялар балаларға қуаныш пен бақыт сыйлайды. Балам жазда басқа балалармен бірге аулада ойнау үшін велосипед сұрайды», — дейді мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Сандуғаш Нұрсейітова.
«Бұл акцияның мәні – Наурыз мерекесінің құндылығын балалардың бойына сіңіру. Бұл жақсылыққа шақыратын жарқын мереке. Бұл көктем мерекесі алдындағы игі үрдістің басы», – дейді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.
Балалар өздерінің асыл тілектерін шынайы күйде безендіріп, киіз үйдің шаңырағына іліп қойды. Меценаттар мен кәсіпкерлер балалардың армандарын жүзеге асыруды өз міндеттеріне алды.
«15 наурыз – қайырымдылық күні. Біз Нұра ауданы әкімдігінің идеясын қолдадық. Ерекше балаларды қолдау, оларға мүмкіндік жасау біздің міндетіміз деп білемін», – дейді орталық саябақ директорының орынбасары Нұржан Нұрғабулов.
Балалар өз хаттарында массажерлер, жаттығуға арналған швед қабырғасын, ұлттық аспап – домбыра, велосипед және планшеттер сұраған. Кейбір балалар мерекелік сыйлықтарын алып үлгерді. Тілектердің бәрі 22 наурызға дейін орындалады.
Айта кетейік, «Армандар шаңырағы» акциясы Наурыз мейрамының онкүндігінің аясындағы қайырымдылық күніне орайластырылған.