Бас мүфти су тасқынынан зардап шеккендерге көмек беруге шақырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды мешіт пен медреселерге орналастырып, өңірлерге 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді. 

Бұл туралы ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мұсылмандарды Ораза айтпен құттықтауында айтты. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды мешіт пен медреселерге орналастырып, оларға моральдық тұрғыдан қолдау көрсетті. Сонымен қатар су басқан аймақтарға 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді, — деді бас мүфти.

Оның айтуынша, діни басқарма тасқын судан үйі жарамсыз болып қалған мүгедек екі баласы бар жалғыз басты анаға пәтер берген. 1 113 дін қызметкері ортақ іске жұмылдырылды.

Осы ретте барша мұсылман қауымын Ораза айт күндері сынақты күндерді бастан кешіп жатқан жұртымызға қол ұшын беріп, жүректеріне қуаныш ұялатуға шақырамын. Ораза айт мерекесі құтты болсын! Раббымыз дұға-тілегімізді, қасиетті айда жасаған қайырлы істерімізді, берген зекет пен пітір садақамызды қабыл еткей!, — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.