Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысы Ерғали Бахаев өңірдегі судың деңгейіне қатысты түсінік берді.
Өңірдің таулы аумақтарындағы қар жамылғысын және қазір жаңбыр жауып тұрғанын ескере отырып, кейбір жерлерде су деңгейі көтеріліп жатыр. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиісті жұмыстарды атқардық. Сонымен қатар күнделікті облыс әкімдігімен бірлесе әуеден және басқа да жолдармен бақылауды іске асырып жатырмыз, — деді Ерғали Бахаев орталық коммуникациялар қызметіндегі брифиңде.
Оның айтуынша, ел аумағында су басу басталғалы ШҚО-да су тасқыны болмаған.
Дегенмен бір-екі жерде су көтерілуі салдарынан наурыз айынан бастап үш үйге су кірген. Оның біреуі Үлкен Нарын ауданында, ал қалған екеуі Алтай ауданында. Қазір бұл жерлер құрғатылды, яғни қауіп жоқ. Атап айтқанда, құтқарушылар тиісті жұмыстарын жалғастырып жатыр. Синоптиктердің мәліметінше, екі-үш күн жаңбыр болады, — деді Ерғали Бахаев.