СҚО-да республикалық маңызы бар автожолды 5 жерден су шайып кетті

Солтүстік Қазақстан облысында «Рощинское-Корнеевка-Волошинка» республикалық маңызы бар автомобиль жолын бес жерден су шайып кетті. Қазіргі уақытта су басқан учаскеде кезекшілік ұйымдастырылып, арнайы белгілер қойылды.

Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚО филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі сағат 11.00-дегі мәлімет бойынша «Рощинское-Корнеевка-Волошинка» Р-59 республикалық маңызы бар автожолының 20 км-ден 39 км-ге дейінгі аралығындағы учаскелерді су шайды. Көліктердің өтуіне шектеу қойылған жоқ, су алған учаскелердің ұзындығы 500-150 метр аралығында, тереңдігі негізінен 10-15 см, тек бір жерде ғана 35 см-ге дейін жеткен.

Бұл учаскеде үш су өткізгіш құбыр бар. Қазіргі уақытта сегіз техника және 10 адам жұмыс істеп жатыр. Жол белгілері мен сигнал бағандары қойылған. Инертті материалдан бөгет жасалып, сонымен қатар суды бұру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал Рощинское елді мекенінен Волошинкаға дейін 0-47 км учаскеде 4 сәуір сағат 16.15-тен бастап шектеу енгізілді. Жол полициясының бекеттері қойылды. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған, — дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директорының орынбасары Қанат Өсербаев.

Сонымен қатар Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское ауылының тұрғын үйлерін су басу қаупіне байланысты 4 сәуір сағат 16.20-да тасқын суды өткізу үшін «Жезқазған-Петропавл» А-16 республикалық маңызы бар автомобиль жолының 706 км учаске ашылды. Бұл учаскеде 2*2 өлшемді құбыр бар, ол 100% жұмыс істеп тұр, бірақ, ағын суды өткізіп үлгермей жатыр.

Осыған орай «Жезқазған-Петропавл» автожолының 701-706 км-де көліктің барлық түріне шектеу енгізілді. Жол полициясының бекеттері қойылды. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта түнгі суыққа байланысты су деңгейі төмендеді, су деңгейі үнемі бақылауда, кейін ашылған жолға 1 метрлік су өткізгіш құбыр қойылып, жабылатын болады, — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директоры Ақылбек Қабылдин.