Қазақстанда ата-аналардың 57%-і балаларының интернетке тәуелді болуынан қауіптенеді

Ғаламдық желінің қазіргі кішкентай қолданушыларының белсенділігі ата-ананы алаңдатып отыр: «Касперский зертханасы»* жүргізген сауалнамаға қарағанда, Қазақстанда ата-аналардың 57%-і балаларының интернетке тәуелді болуынан қауіптенеді. Ересектердің тағы осыншасы балалары Желіден олардың жасына сай келмейтін ақпаратты көреді деп қорқады. Солай бола тұра, зерттеуге қарағанда, көпшілігі балалардың интернет-қауіпсіздігі мәселесіне жеткілікті көңіл бөлмейді, ал Қазақстандағы ата-аналардың 18%-і өз балаларының Желідегі іс-әрекеті жайлы ештеңе білмейді.

Интернетте кішкентай қолданушыларды көптеген қауіп-қатер торуылдап жүреді: балалар +18 контентпен кездейсоқ немесе әдейі жолығысуы мүмкін, бұл жерде әңгіме порнографиялық парақшалар туралы ғана емес, наркотиктер мен суицид, зорлық-зомбылық көріністері мен қауіпті хобби туралы да болып отыр. Әлеуметтік желілерде жасөспірімдер бейтаныс адамдармен жиі сөйлеседі: мұның өзі оларға қауіп төндіреді: монитордың ар жағында отырып алып, баламен оның құрдасы ретінде танысатын адамның кім екені беймәлім. Ойынқұмарлық, фишинг, зиянды бағдарламалар сияқты ересектерге тән, дегенмен балалар үшін де өзекті кең тараған қауіп-қатерлерді де ұмытпаған абзал.

«Касперский зертханасы» сарапшылары Қазақстандағы жас интернет-қолданушылар қызығатын жайттарды зерттей отырып, олардың интернет-белсенділігінің 77%-і қарым-қатынас құралдарына, яғни көп жағдайда әлеуметтік желілерге қатысты екенін анықтады**. Қазақстандағы нөмірі бірінші әлеуметтік желі – «ВКонтакте» (оған барлық осындай сайтқа кіру көлемінің 65%-і тиесілі). Салыстырар болсақ, «Одноклассникиге» әлеуметтік желілерге қосылудың жалпы көлемінің 25%-і, Facebook-ке тек 6%-і тиесілі. Әралуан қауіп-қатердің көп бөлігі осы әлеуметтік желілерде шоғырланған. Балалар үшін ең кең тараған әрі жылдам күшейіп келе жатқан қауіптің бірі – «ВКонтакте» желісіндегі наркотиктер, алкоголь, қатігездік, анорексия, порно, суицид, қару-жарақ және «впискалар» — кей жағдайларда кез келген адам қатысуы мүмкін үй кештері жайлы ақпараттары бар топтар.